25.01.2012, 12:03 4209

850 мыңнан астам жерлесіміз "Емдеуге жатқызу бюросы" порталының қызметіне жүгінген

Медициналық қызметтердің сапасын арттыру, денсаулық сақтау құқығын пайдалану, халыққа тегін медициналық көмек кепілдемесін беру елдегі денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттары болып табылады. Бұл міндеттер Үкімет жүзеге асырып отырған "Саламатты Қазақстан" Мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан.

Астана. 25-қаңтар. Kazakhstan Today - 850 мыңнан астам жерлесіміз "Емдеуге жатқызу бюросы" порталының қызметіне жүгінген, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, денсаулық сақтау құқығын пайдалану, халыққа тегін медициналық көмек кепілдемесін беру елдегі денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттары болып табылады. Бұл міндеттер Үкімет жүзеге асырып отырған "Саламатты Қазақстан" Мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан.

"2013 жылы Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп бітеді. Біз аурулардың алдын алу шараларына мықтап кірісіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру керекпіз. Ауыл азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына ерекше назар бөлу қажет", - деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

"Саламатты Қазақстан" Мемлекеттік бағдарламасының іске асуы арқасында ел азаматтары дәрігер мен медициналық ұйымды таңдау еркіндігін пайдалана алады.

"2010 жылы жоспар бойынша ем қабылдау үшін 554 мың адам стационар таңдау құқығын таңдаған, соның ішінде 31 мың адам тұрғылықты мекен-жайынан басқа жерде ем қабылдаған. Ауруханалар арасындағы науқас орны үшін күрес медициналық қызметтің сапасын жақсартады", - деп атап өтті ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.

Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің бір бөлігі болып табылатын "Емдеуге жатқызу бюросы" порталы стационар, емхана және науқас арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеуге мүмкіндік береді.

Порталда жоспар бойынша емдеуге жатқызу үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ететін web-қосымша бар. Порталда жарияланған ақпаратты медициналық ұйымдар сияқты, қарапайым халық та оқи алады. Қазіргі таңда порталмен жұмыс істеуге жоспар бойынша емдеуге жатқызу үрдісіне қатысатын Қазақстандағы барлық денсаулық сақтау ұйымдары жұмылдырылған. Осылайша, мониторинг жасауға және науқастар санын басқаруға мүмкіндік туады.

2011 жылдың қорытындысы бойынша 850 мыңнан астам қазақстандық "Емдеуге жатқызу бюросы" порталының қызметін пайдаланған.Осы адамдардың 90 пайызға жуығы немесе 760 мың адам еліміздің стационарларына жоспар бойынша емдеуге жатқызылған.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, қазіргі таңда емдеуге жолдама алған адамдардың ішінен ауруханаға жатқызылған халық үлесі артқаны байқалып, 2011 жылдың қаңтарындағы 75 пайыздан 2011 жылдың желтоқсанында 85 пайызға дейін көбейген. Сонымен қатар, науқастардың 85 пайызы өз өңірлеріндегі ауруханаға жатуды жөн санаса, ал сырқаттардың 13 пайызы республикалық клиникаларға жолдама алған.

Бұл шаралар халыққа ұсынылатын медициналық қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, науқастардың медициналық ұйым таңдау құқығын пайдалануына мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны