18.07.2022, 17:23 8696

Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару заңсыз айналымда қалып отыр

Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару заңсыз айналымда қалып отыр
Сурет: Polisia.kz
НҰР-СҰЛТАН. 18 ШІЛДЕ - Ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қаруды іздеп тауып тәркілеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Заңсыз айналымда 2 мыңнан астам қару қалып отыр, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Бүгінгі таңда "Құқықтық тәртіп" және "Қару" жедел-профилактикалық шараларын өткізу барысында жалпы 1729 қару мен 42 мың оқ-дәрі анықталып, заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде, 13 граната атқыш; 6 оқ жаудырғыш; 169 автомат; 374 тапанша; 266 травматикалық және газды қару", - деп хабарлады ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев ОКҚ брифингінде.

 
Оның айтуынша, өткен екі апта ішінде ғана 40-тан астам қару тәркіленді және оларды жасырын сақтайтын 125 орын (немесе схрон) жойылды.
 

Мәселен, 4 шілдеде Алматы қаласында полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру шараларының барысында қаруды бүркемеленген сақтау орны табылып, ол жерден Макаров тапаншасы, шолақ аңшылық мылтығы, травматикалық тапанша мен 30 оқ-дәрі алынған", - деді ІІМ өкілі.

 
Сол күні Тараз қаласында Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлерімен жаңадан салынған үйлердің арасындағы алаңқайдан 4 көз жасын ағызғыш граната, Калашников автоматының 60 оғы және Макаров тапаншасының 25 оғы табылып алынды. 
 
Сондай-ақ осы қалада 5 шілде күні полиция қызметкерлері тұрғын үйдің жанынан Макаров тапаншасы, жарық-дыбыс гранатасы және әртүрлі калибрлі 54 дана оқ табылып алынды. 
 
15 шілде күні Алматы облысының полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірлесіп қаруды бүркемеленген кезекті сақтау орны табылып, ол жерден 12 калибрлі кесілген шолақ мылтық, 12 калибрлі аңшы мылтық, газ гранатасы және 25 дана Макаров тапаншасының оқ дәрісі тәркіленді.
 
Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтармен ерікті түрде тапсырылған қарудың саны 212 бірлікке дейін жетті. 
 

Өкінішке орай, заңсыз айналымдағы ұрланған қарудың саны әлі көп. Осы бағыт бойынша және елімізде заңдылықпен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Ішкі істер органдары қажетті жұмысты жалғастыруда. Сондай-ақ қаңтар оқиғаларының барысында зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз етуге барлық күш салынуда", - деді Мұхтар Қожаев.

 
Бұл ретте ІІМ өкілі азаматтарды тағы да қаңтар оқиғаларына қатысты кез келген ақпаратты ішкі істер органдарына хабарлауға, қару тапқан жағдайда оны өз еркімен тапсыруға шақырды.
 
Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 381 қылмыстық іс бар, олар бойынша 10 адам қамауда ұсталуда. Істердің бұдан біраз бұрын аталған саннан азаюы, қазіргі таңға дейін көптеген қылмыстық істер бойынша процестік шешімдердің қабылданғанымен түсіндіріледі.
 

Қазіргі уақытта 589 күдіктіге қатысты 359 іс сотқа айыптау актісімен жолданды. Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрлық жасағаны, қаруды ұрлағаны және заңсыз сақтағаны, көлік құралдарын заңсыз айдап кеткені, тонау және бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда", - деді спикер.

 
Сотта қарау нәтижелері бойынша 460 адамға қатысты үкім шықты, оның ішінде 371 адам бас бостандығынан шектелді, 4 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, 5 адамға айыппұл салынды, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 80 адам бас бостандығынан айыруға сотталды. 
 
Одан басқа, келтірілген шығынды өтеуіне және тараптардың татуласуына байланысты соттар 13 адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатты. 
 
Қазіргі таңда соттардың өндірісінде 116 сотталушыға қатысты 55 қылмыстық іс қаралуда.
 
Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің 343 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлкі табылып, алынды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны