05.02.2014, 22:53 6435

Алматыда "Астана опера" театрының симфониялық оркестрі концерт берді

"Астана опера" театрының Алматыға гастролі аясында әлем сахналарында таңдай қақтырған скрипкашы Ержан Күлібаев "Қазақконцерт" сахнасында симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсетті.

Алматы. 5 ақпан. Kazakhstan today. Бүгін Алматыда "Астана опера" театрының симфониялық оркестрі концерт берді, деп хабарлайды Kazakhstan today.

"Астана опера" театрының Алматыға гастролі аясында әлем сахналарында таңдай қақтырған скрипкашы Ержан Күлібаев "Қазақконцерт" сахнасында симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсетті.

Ержан Күлібаев - жас та болса аты әлемге әйгіленген скрипкашы, Ресейде, Германияда, Португалия мен Аргентинада өткен Халықаралық конкурстардың бес бәйгесінің иегері, талантымен қатар өз кәсібін сүйетін өнер иесі, қазір Испанияда тұрады.

Сұранысқа ие скрипкашылардың бірі, халықаралық конкурстардың лауреаты - Ержан Күлібаевтың орындауында П. И. Чайковскийдің скрипкадан концерті өтті. Бұл туынды композитор жазған шығармалардың шарықтау шегі саналады. Екінші бөлімде Сергей Рахманиновтың жауһарлары, № 2 ми минор симфониясы ұсынылды, концертке Абзал Мұхитдинов дирижерлық жасады.

"Астана Опера" театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдиновтың айтуынша, Ержан Күлібаев әлемдік мәдениет сахнасында сұранысқа ие аспапшы болғандықтан гастрольдік сапарға шақыртылған.

"Ержан заманымыздың атақты ұстаз-скрипкашыларының бірі - Захар Бронның шәкірті,көптен бері шетелде тұрып жатыр. Күлібаев Ержан әртіс деңгейінің үлкен көрсеткіші болып табылатын Польшадағы Венявский атын. күрделі конкурстың лауреаты атанды", - дейді Абзал Мұхитдинов.

Ержан Күлібаев "Астана Опера" театрымен бірлесіп жұмыс істегеніне қуанышты екенін жеткізді.

"Алматыға бағыт ұстанған "Астана Опера" театрымен бірігіп алғашқы гастроль барысында өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Аталған концерт талғампаз алматылық көрерменді әсерде қалдырады, аспапты музыканы сүйер қауым қызықты әрі мәнді кеш бағдарламасына лайықты бағасын береді деп үміттенемін", - деп атап өтті Ержан Күлібаев.

Концерттің екінші бөлімінде скрипкамен үндесетін кларнеттің орындауындағы, симфонияның үшінші бөлімінде анық байқалатын шығыс әуеніне қанық, әсем туындылар ұсынылды. Сергей Рахманинов ырғақты туындыны жазғанда шығыс өрнегімен шеберлікпен әрлендіріп, шығармасына ерекше рең берген. Жоғары жетістікке қол жеткізу үшін от пен судан өту керектігін білдіретін туындының финалы қызық әрі өнегелі.

"Астана Опера" театрының бас дирижері Абзал Мұхитдинов симфония күрделі, көпқырлы, оркестровкасы голографиялық болғандықтан орындалуы қиын екенін атап өтті.

"Біз үшін бірінші міндет - біреуі қалғанын басып тастамас үшін жез, соқпалы, ішекті аспаптар арасындағы балансты сақтау", - дейді Абзал Мұхитдинов.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны