28.10.2007, 12:33 6064

Алматыда "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты халықаралық шара өтеді

Алматыда "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты халықаралық шара өтеді.

Астана. 28 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда ағымдағы жылдың қазан айының 29 мен 30 күндері "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты халықаралық шара өтеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс-шара 2006 жылдан бері өткізіліп келеді және ол Гитлер фашизмін тізе бүктіруге атсалысқан барлық елдерде жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Қазір шараның екінші кезеңін өткізу жөніндегі эстафета Қазақстанның еншісіне тиді.

Шараға ТМД елдері мен бұрынғы антигитлерлік коалицияға қатысқан барлық мемлекеттерден 100-ден астам өкілдер қатысады. Олардың басым бөлігі - соғыс ардагерлері мен Ұлы Отан соғысы батырларының ұрпақтары болып табылатын Қарулы күштердің сарбаздары - Ұлы Жеңістің мұрагерлерін бейнелейді.

Ресей жағы Қазақстанға Ұлы Жеңіс туының дәлме-дәл көшірмесін және "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты арнаулы ескерткіш белгіні Республиканың бірінші президентінің мұражайына мәңгілік сақтауға табыстайды.

Шара аясында "Азат етілген әлемнің есінде" атты халықаралық конференция өткізіліп, Алматыдағы оқу орындары мен әскери бөлімшелерде "Мен ұлыма не айтам?" атты ерлік сабақтары өтеді.

Сонымен бірге, әскерилерге әскери қызметте табысқа жеткені үшін және аталған іс-шараға белсене қатысқаны үшін "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты арнаулы ескерткіш белгі, ал бітімгершілік күштердің құрамында бітімгершілік шараларға атсалысқандарға БҰҰ-ның "Бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін" медальдары табыс етіледі.

Баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, "Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!" атты халықаралық шара Алматыдағы Республика сарайында "Атаңның пилоткасын киіп көр" атты театрландырылған біріккен концертпен аяқталады.

Қазақстандықтар Ұлы Жеңістің батырлыққа толы шежірелерін, ұрпақтар арасындағы жалғастықты, дәстүр сабақтастығы мен Отанға риясыз қызмет ету үлгілерін жадында берік ұстайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында әрбір бесінші қазақстандық соғысқа аттанды. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Прибалтика мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.

Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды. Бұл адамдардың есімі халық жадында. Қазіргі Отан қорғаушылары осы адамдарды үлгі тұтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны