24.07.2015, 18:51 5014

Алматыда Қазақстанныӊ аудандық онкологтары мен маммологтары халыққа онкологиялық көмек көрсетудіӊ өзекті мәселелерін талқылады

2015 жылғы 24 шілдеде Алматы қаласында аудандық онкологтар мен маммологтардыӊ ІІ республикалық семинар-кеӊесі өтті

Астана. 24 шілде. Kazakhstan Today - 2015 жылғы 24 шілдеде Алматы қаласында аудандық онкологтар мен маммологтардыӊ ІІ республикалық семинар-кеӊесі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Шараға облыстардыӊ, Астана және Алматы қалаларыныӊ денсаулық сақтау басқармаларыныӊ өкілдері, онкологиялық диспансерлердіӊ бас дәрігерлері мен олардыӊ орынбасарлары, Қазақстанныӊ барлық аймақтарынан келген онкологтар мен маммологтар, барлығы 330-ға жуық маман қатысты.

Онкологиялық қызметтіӊ өзекті мәселелерін талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісініӊ депутаты Айтгүл Самақова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментініӊ директоры Гүлнәр Құлқаева, еліміздіӊ бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиев қатысты.

"Онкологтардыӊ алғашқы семинар-кеӊесі 2011 жылғы қазанда Астанада өткен болатын. Бұл Қазақстанныӊ барлық аудандық онкологтары бас қосқан тұӊғыш жиын болды. Шарада алдағы уақыттағы онкоқызметті жетілдіру жолдары талқыланды. Аудандық онкологтар мен маммологтардыӊ II республикалық семинары отандық сала мамандарыныӊ маӊызды бас қосуы болмақ. Республикамыздағы онкологиялық қызметтіӊ негізі - саланыӊ алғашқы буыны болып табылатын облыстар мен аудандардыӊ дәрігерлері мен мамандары",- дейді Қуаныш Нұрғазиев.

Семинар-кеӊес аясында онкологиялық қызмет пен амбулаториялық-емханалық ұйымдардыӊ жұмысын біріктіру; онкологиялық, маммологиялық, ерлер және әйелдерді қарау кабинеттерініӊ жұмысын жандандыру; 65 және одан жоғары жастағы тұрғындар арасында қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау үшін скринингтік және обырдыӊ алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыру; ҚР онкологиялық қызмет саласына мониторинг және бағалау жүйесін енгізу; қатерлі дертке шалдыққан науқастарға медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету сынды өзекті мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, ҚР онкоқызметін арттыруға үлес қосқан аудандық онкологтар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ төсбелгілері және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

2012-2016 жылдарға арналған ҚР онкологиялық көмекті жетілдіру бағдарламасы" аясында 101 онкологиялық, 273 маммологиялық, 18 проктологиялық кабинеттер ашылады. Бүгінгі таӊда бұл кабинеттердіӊ жұмысын жандандыру әлі де күн тәртібінде тұр. Аталмыш кабинеттер қатерлі ісіктіӊ алдын алу мен оны ерте сатысында анықтауда маӊызды болып отыр. Елімізде аудандық онкологтардыӊ саны 350-ге (2011 ж. - 263), маммологтар 207-ге (2013 ж. - 166) дейін артты.

Ресми мәліметтерке сүйенсек, 2015 жылдыӊ 6 айында 17 130 қатерлі ісікке шалдыққан науқас тіркелді. Оныӊ 55,4% I-II сатысындағылар. Солтүстік, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысында обыр дерті жоғары көрсеткішке ие.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны