25.12.2008, 10:14 2027

Алматыда көпсалалық қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды

Алматыда көпсалалық қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды

Алматы. 25 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының "Жұлдыз-1" ықшамауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын жаңа емхана ашылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен кеше ашылған №20 қалалық емхана "Алматы қаласында 2008 - 2010 жылдары денсаулық сақтауды реформалау мен дамыту бағдарламасын" жүзеге асыру аясында бюджеттік қаржыға салынды. Құрылыс жұмыстары 2008 жылдың сәуір айында басталып, желтоқсанда аяқталды. Жалпы жобалық құны - 460 млн. теңге, ал нақтылы кеткен шығын - 408,3 млн.теңге.

№20 қалалық емхана дербес ұйым ретінде Түрксіб ауданының тұрғындарына 15 мамандық бойынша кәсіби медициналық және санитарлық қызмет көрсетеді. Олар: терапевт, педиатр, гинеколог, отоларинголог, офтальмолог, хирург, проктолог, уролог, кардиоревматолог, эндокринолог, стоматолог, инфекционист, невропатолог, травматолог, физиотерапевт. Болашақта бұл емхана 28 мың адамға медициналық қызмет көрсететін болады.

Импорттық құралдармен жабдықталған емханада рентгенологиялық, флюорографиялық диагностикалар жүзеге асады. Сонымен қатар, функционалды, ультрадыбысты, эндоскопиялық кабинеттер мен зертханалық диагностика бар. Жарықпен және электрмен емдейтін кабинеттер де жұмыс істейді. Клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істеп, мұнда жалпыклиникалық және биохимиялық зерттеулер жүргізіледі.

Қала әкімі Ахметжан Есімов аудан тұрғындары мен емхана ұжымын қаланың денсаулық сақтау саласындағы осынау елеулі оқиғамен және алдағы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

"Ұлт денінің саулығы - жалпыұлттық міндет" деген болатын Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдауында. Медициналық көмек көрсетудегі негізгі принциптердің бірі - денсаулық сақтаудағы мемлекет пен адамдар арасындағы өзара жауапкершілік. 2008 - 2010 жылдары денсаулық сақтауды реформалау мен дамыту бағдарламасын орындау үшін медициналық мекемелер салынуда және бұның барлығы азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында жасалуда" -, деді Ахметжан Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны