29.04.2008, 15:47 3650

Алматыда суға әртүрлі тариф енгізіледі

Алматыда суға әртүрлі тариф енгізіледі

Алматы. 29 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда суға әртүрлі тариф енгізіледі. Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаладағы су шаруашылығы кешенін аралап көргеннен кейін осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бір текше метрі үшін 19 теңге деген тариф тұтынушыларға тазартылған су жеткізуге жұмсалатын шығындарға мүлдем сәйкес келмейді. Жуырда мен монополияға қарсы күрес агенттігіне тарифті түрлі белгілеу жөнінде ұсыныс жасадым. Халық үшін баға өспейді, тіпті өсе қалғанда да айтарлықтай өспейді. Ал басқа тұтынушыларға келсек, олар үшін біз тарифті көтеретін боламыз", - деді А. Есімов.

Тарифті қайта қарау қажеттігінің дәлелі ретінде әкім автокөлік жуатын орындарды мысалға келтірді. Алматыда бір көлікті жуу 1000 - 1500 теңге тұрады. Бұл құнның 2,7 теңгесі ғана судың құны. Егер автокөлік жуатындар үшін бұдан былай да су осынша арзанға түсетін болса, олар ешқашан оны үнемдемейді.

Сондай-ақ, әкім тек өнеркәсіп, қызмет көрсету салалары мен басқа да кәсіпорындармен қатар, халықтың түрлі топтары үшін де түрлі тарифтер енгізілетінін хабарлады. Тәулігіне 150 литрге дейін су тұтынатындар үшін тариф бұрынғы қалпында қалатын шығар. Ал "үлкен сарайлары, саунасы, бассейні барлар үшін біз тарифті көтеретін боламыз", - деп ескертті А. Есімов.

Сөйтіп, Алматы басшылығы қалалық су құбыры мекемесінің қаржылық ахуалын түзеп қана қоймай, халықты қалада қазір тапшылыққа айналған суды үнемдеуге мәжбүрлемекші. "Водоканал" ҚКК бас директоры В. Галиевтің айтуынша, "кейінгі 10 жылда қалада су тұтыну көлемі 24%-ға өскен".

"Қала бүгінде тәулігіне орта есеппен 800 мың текше метр су тұтынады. Біз тазарту құрылғыларында 400 мың текше метр су қабылдаймыз", - деді В. Галиев.

Оның хабарлауынша, "тазарту қондырғыларының тозығы жетуі салдарынан сапасыз сулардың өзендерге жіберілу қаупі бар. Осыған байланысты тазарту сапасы заманауи деңгейге жетуі үшін тазарту қондырғыларын жедел түрде жаңалау қажет".

Таяу уақыттарда Алматы мәслихатына қалалық су құбыры мекемесін дамыту жоспары таныстырылады. Онда қаланың айналасында су шеңберін құру көзделген, ол қазіргі уақытта тоқтап тұрғаны белгілі. Бұған қоса қаладағы су құбыры желілерін, кәріз коллекторлары мен тазарту қондырғыларын шұғыл реконструкциялау қажет. Қалалық су құбыры мекемесін модернизациялау бағдарламасын толық жүзеге асыру үшін 163 млрд теңге қажет.

Изірге оның қаржылық ахуалы сын көтермейді. Алматы әкімінің хабарлауынша, "су құбыры желілерінің 110 шықырымын жөндеу қажет. Жылына небәрі 4 шақырымы ғана жөнделеді. Бұл желілердің техникалық ахуалы жыл өткен сайын мүшкілдене түсуде".

Сонымен бірге, кәсіпорынға фискалдық органдар тарапынан 7,9 млрд теңгенің айыппұлы салынады деп күтілуде. "2007 жылы 3,7 млрд теңгенің берешегі болған. Бұл негізінен салық берешектері мен электр қуаты үшін кредиторлық берешек. Өткен жылғы қарызды біз қайтардық. Қазіргі жағдаймен түрлі фискалдық органдар тарапынан 7,9 млрд теңгенің айыппұлы салынбақшы", - деді В. Галиев.

А. Есімов "Водоканал" ҚКК қызметкерлеріне әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіледі деп сендірді. "Біз инвесторлар үшін кәсіпорынның тартымдылығын арттыру және қаржы тарту үшін мекемені қайта құрылымдаймыз. Мәслихаттың кезекті отырысында біз қалалық су құбыры мекемесін жаңалау жоспары бойынша нақты шаралар мен нақты қаржы көлемін бекітуге ұсынамыз. Бұл қаржыны біз жергілікті бюджеттен және мекеменің қайта құрылымдаудан кейінгі өз мүмкіндіктерінен қарастыратын боламыз. Сондай-ақ, "Ауыз су" бағдарламасы аясында қаржыландыруды және жалпы қолдауды үкіметтен де сұраймыз", -деді А. Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны