22.05.2026, 16:18 6071

Алматыда Тарақты руының Наурыз мерекесіне арналған кең ауқымды басқосуы өтті  

Алматыда Тарақты руының Наурыз мерекесіне арналған кең ауқымды басқосуы өтті
Сурет: Скриншот
2026 жылдың 16 мамыры күні Алматы қаласында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне арналған Тарақты руының кең ауқымды басқосуы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Іс-шара Орта жүздің ноқта ағасы атанған Тарақты жұртының елдік бірлігін, рухани тұтастығын және салт-дәстүр сабақтастығын дәріптеуге арналды. Тағылымды жиын Алматы қаласы Тарақты ру басшысы Сурманов Әбіләкім Бекболұлының бастамасымен және ел ағаларының қолдауымен жүзеге асты.

Тарақты - Орта жүз құрамындағы тарихи тамыры терең, елдік дәстүрі мен ауызбіршілігімен танылған іргелі рулардың бірі.

Берекелі жиынға еліміздің әр өңірінен және Алматы қаласында тұратын Тарақты руының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Астана қаласынан еліміздің Тарақты руының басшысы Жұмашев Мұса Қасымханұлы, Түркістан өңірінен ру басшысы Достияров Аманкелді Кенжеәліұлы, Қосмезгіл ауылынан ру басшысы Құдайбергенов Құрманәлі Қасқабекұлы, Жаңаарқа ауданынан Әбдішев Қабдраш Түйтеұлы, сондай-ақ Қарағанды, Қызылорда, Шиелі, Созақ, Тараз, Талдықорған өңірлерінен және еліміздің өзге де аймақтарынан келген қадірлі қонақтар бас қосты.

Мерекелік басқосу таңертең сағат 10:00-де "Тарбағатай" банкет залының ауласында басталып, киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Қонақтарға дәстүрлі Наурыз көже ұсынылып, көктемнің шуақты күні мерекелік көңіл-күйді айшықтай түсті.

Дәстүр бойынша алғашқы сөз ақсақалдарға беріліп, Ашімхан аға, Есіркеп аға және өзге де ел ағалары ақ баталарын беріп, ел ішіндегі татулық пен ынтымаққа ізгі тілектерін жеткізді.

Одан кейін еліміздің Тарақты руының басшысы Мұса Қасымханұлы сөз алып, ел бірлігі, рухани сабақтастық және ұрпақ тәрбиесі туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Келесі кезекте Алматы қаласы Тарақты ру басшысы Әбіләкім Бекболұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел ішіндегі бірлік пен дәстүрді сақтау, сондай-ақ осындай басқосуларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.


Сөз соңында Тарақты руының өкілі, "Тарбағатай" банкет залының ұйымдастырылуына мұрындық болып, өз мейрамхана алаңын осы игі жиынға ұсынған Әмина апайға сөз берілді. Ол ел ішіндегі ынтымақ пен берекеге ақ тілегін жеткізді.

Мерекелік бағдарлама барысында ұлттық әндер шырқалып, би өнері орын алып, жиынның рухани мазмұны одан әрі тереңдей түсті.

Іс-шараның негізгі бөлігіне қатысушылар бұдан кейін "Тарбағатай" банкет залына өтіп, ақ дастарқан басына жайғасты. Осы сәтте ата-бабалар рухына Құран бағышталып, ел ішіндегі бірлік пен берекеге арналған баталар берілді. Одан әрі ақсақалдар мен ру басшылары ел бірлігі, рухани тәрбие және ұрпақ сабақтастығы жөнінде мазмұнды ойларымен бөлісті.

Мерекелік басқосуда алыстан ат терлетіп келген ақсақалдар мен ел ағаларына ерекше құрмет көрсетілді. Ру басшылары - Мұса Қасымханұлы мен Әбіләкім Бекболұлына ұлттық нақышта тігілген заманауи этно-киім үлгілері мен шапандар жабылып, естелік сый-сияпаттар табысталды. Бұл игі дәстүр үлкендерге деген ілтипат пен құрметті айқын көрсетіп, жиынның ұлттық рухы мен заманауи мәдениет үйлесімін айшықтай түсті.

Мерекелік басқосуды Тараз қаласынан арнайы келген Тарақты руының азаматы, асаба Бегалы Скаков жүргізді. Ол өз жыр-термелері мен авторлық арнауларын орындап, кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.

Кеш соңында Алматы қаласы Тарақты ру басшысы Әбіләкім Бекболұлы қорытынды сөз сөйлеп, мұндай басқосулардың дәстүрлі түрде жалғасатынын және ел бірлігін нығайтуға бағытталған игі бастамалардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асатынын атап өтті. Сонымен қатар мерекелік жиынның жоғары деңгейде өтуіне Тарақты руының ақсақалдары мен ел азаматтары елеулі үлес қосқанын, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан Қалданов Қайрат, Ғалымғазы Нұрғазин, Оразалы Исабеков, Қуаныш Исмаилов және өзге де азаматтарға алғыс білдірілді.

Бұл басқосу пандемиядан кейін алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылған ірі жиындардың бірі болып, Тарақты жұртының ынтымағы мен тұтастығын айқын көрсетті.

Ағайын қайта қауышып, үлкендер бата беріп, жастар тағылым алды. Мұндай мазмұнды басқосулар ұлттық бірегейлікті нығайтып, рухани байланысты күшейтетін маңызды алаң ретінде өз мәнін айқындай түсті.

Алдағы уақытта да Алматы қаласының Тарақтылары осындай игі жиындарды жалғастырып, салт-дәстүрді ұлықтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде дамытуды көздеп отыр.

Береке мен бірлік - ұлттың өзегі. Тамыры терең Тарақты жұрты сияқты, қазақ елі де қашанда ынтымақты ту етіп, бірлік бар жерде береке мәңгі жасайтынын дәлелдеп келеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны