22.05.2026, 15:48 486
ШҚО-да "Ұлан" көлік-логистикалық кешені пайда болады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Шығыс Қазақстан облысында "Ұлан" көлік-логистикалық кешені жобасы іске асырыла басталды. "Ұлан" көлік-логистикалық кешені жобасын "Dosjan temir joly" АҚ жүзеге асырады, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Бұл өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңа нысан аймақ экономикасын дамытудың маңызды бөлігіне айналып, Шығыс Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін күшейтіп, ірі индустриялық жобалар үшін заманауи логистикалық база қалыптастырады.
Ұлан" көлік-логистикалық кешені Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің маңында, республикалық Алматы-Өскемен тасжолы мен теміржол желісінің түйіскен тұсында бой көтереді. Оның мұндай тиімді жерде орналасуы жүк қабылдау, сақтау және жөнелту процестерін оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аумағы 18 гектардан асатын кешен құрамына контейнерлік терминал, "A" және "A+" санатындағы заманауи қоймалар, теміржол мен кеден инфрақұрылымы, жүктерді сақтау алаңдары кіреді. Жобаның жылдық қуаттылығы шамамен 895 мың тонна жүкті құрайды. Ал контейнерлік терминал жыл сайын 32 мыңнан астам контейнерді өңдей алады.
Жоба агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін де айрықша маңызға ие. Кешен аумағында 25 мың тонна астық пен 10 мың тонна майлы дақылдарды сақтауға арналған қуат көздері қарастырылған. Бұл ең әуелі Шығыс Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия елдері және Қытаймен сауда байланыстарын нығайтуға жол ашады.
Сонымен қатар "Ұлан" көлік-логистикалық кешені Өскемен маңында салынатын болашақ жылу электр орталығының негізгі логистикалық алаңына айналмақ. Мұнда құрылысқа қажетті жабдықтар мен материалдар қабылданып, өңделіп, сақталады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кешеннің іске асырылуы өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
Бүгін біз Шығыс Қазақстандағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірінің негізін қалап отырмыз. "Ұлан" көлік-логистикалық кешені - жай ғана логистикалық нысан емес, өңір экономикасының ұзақ жылдар бойы дамуына қызмет ететін стратегиялық алаң. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке инвестициялар тартуға, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға және өнеркәсіп, аграрлық сектор мен көлік инфрақұрылымының дамуына тың серпін береді", - деді аймақ басшысы.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және кеден аймағы салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталып, бірінші кезеңді келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
22.05.2026, 21:31 236
Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері, ҰҚК Шекара қызметі мен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басшыларының қатысуымен ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында ЕАЭО-ның ішкі контурындағы автомобиль өткізу пункттерін қайта құру және техникалық жағынан жете жарақтандыру барысы қаралды.
Жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесін қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, оның ішінде құрылыс жұмыстарын өткізу пункттерінде заманауи бақылау жүйелерін енгізу ісімен ұштастыру шаралары арнайы талқыланды.
Жаңғырту жұмыстары өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттыруға, азаматтар мен тасымалдаушылардың шекарадан өту уақытын қысқартуға, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша жобаларды жүзеге асыруды жеделдету, құрылыс сапасы мен мерзімдеріне қатаң бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тікелей нысандардың өзінде жұмыс барысына тұрақты мониторинг жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.05.2026, 18:13 1096
Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевқа конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Палатаның атқарған қызметі туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Парламент жаңа Ата заңның нормаларын іске асыруға жол ашатын жеті конституциялық заңды сапалы әрі уақтылы қабылдады. Соның ішінде "Президент туралы", "Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы", "Қазақстан Халық Кеңесі туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы", "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" және басқа да конституциялық заңдар бар. Аталған жұмыс қоғам өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен ашық жүргізілді.
Жалпы, Мәжіліс сессиясы басталғаннан бері 89 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Олардың арасында Құрылыс, Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект, банк және банк қызметі, құқықбұзушылықтың алдын алу, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге өзгерістер енгізу, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік наградалар, ғылым мәселелері, педагог мәртебесін көтеру, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жеке сот орындаушылар қызметі және басқа да заңдар бар.
Қазір депутаттардың қарауында 80 заң жобасы жатыр. Оның қатарында жаңа Конституция қабылдауға байланысты рақымшылық жариялау, жол қозғалысындағы цифрландыру мен қауіпсіздік, жергілікті өзін-өзі басқару, телекоммуникация нарығын дамыту, машина жасау саласын дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру, нотариат және басқа да мәселелер туралы заң жобаларын айтуға болады.
Ерлан Қошановтың айтуынша, Мәжіліс сессия соңына дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылымды дамытуға бөлінген қаржыны орынды жұмсау, былтырғы республикалық бюджетті игеруге қатысты Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін және депутаттардың аймақтарға сапары кезінде сайлаушылар тарапынан түскен өтініштердің нәтижелері бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдауды жоспарлап отыр.
Мәжіліс заң шығару ісінде ашықтыққа және сарапшылық топпен ынтымақтастыққа баса назар аударады. Қоғамдық палата отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыс қорытындылары, атап айтқанда, ТүрікПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа парламентаралық ұйымдармен ықпалдастық жайында баяндалды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.05.2026, 11:59 806
Астанада отандық өндірушілердің "ULTTYQ ÓNIM - 2026" атты ірі көрме ашылды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
EXPO халықаралық көрме орталығында қазақстандық өндірушілердің жыл сайынғы IX "Ulttyq ónim - 2026" көрмесі басталды. Биылғы көрме осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ең ауқымдысы, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік артық.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуында Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің үндеуін оқыды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда", - делінген Олжас Бектеновтің үндеуде.
Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту перспективалары атап өтілді.
Жаңа Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Отандық тауар өндірушілер осы аталған қағидаттарды жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып отыр. Кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін өндірістік бастамаларды, оның ішінде импортты алмастыру мен экспорттық әлеуетті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту ісі жалғасын табады", - деп атап көрсетілген Премьер-министр сөзінің мәтінінде.
Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының ішінде бизнестің қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелеу құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2025 жылы "Даму" қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған. Осының арқасында 13 мың ШОБ жобасы жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылып отыр. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашылып, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге және салық түсімінің 2 трлн теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етті.
Экономиканың нақты секторын дамытудың негізгі тетігінің бірі "Инвестицияға тапсырыс" бағдарламасы деп аталады. Оның негізгі міндеті - импортқа тәуелділігі жоғары салалардағы жобаларды қолдау және ішкі нарық пен экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер құру.
Бағдарламаны жүзеге асыруда "Бәйтерек" холдингінің институттары мен "Даму" қорына басты рөл берілген.
Кәсіпкерлерді қаржыландыру мен қолдаудың қолжетімділігін арттыру үшін "Даму" қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының жабдықтарын жаңғырту үшін "Өрлеу" және "Өрлеу-лизинг" жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы қолдаудың нарықтық тетіктерін күшейтті. Сондай-ақ "Іскер аймақ" бағдарламасы жүзеге асып жатқан шағын қалалар мен ауылдарда микро және шағын бизнесті кешенді қолдау бағдарламасын іске қосты. Қордың өңірлік филиалдарының базасында біз "Бәйтерек" холдингінің бизнесті қолдаудың барлық бағдарламалары бойынша бірыңғай фронт-кеңселер құрдық, ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-кеңсе мақсатындағы арнайы шағын автобустар іске қосылады, онда мамандар кәсіпкерлерге кеңес беру үшін шалғай аудандарға баратын болады", - деп атап өтті "Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.
Қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді сүйемелдеуге ерекше назар аударылады. Осыған байланысты "Даму" қоры жанынан "оңалту орталықтары" құрылуда. Онда бизнес тұрақтылығын қалпына келтіру үшін қаржылық, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау ала алады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан вице-премьер отандық кәсіпкерлерге елдің экономикалық әлеуеті мен беделін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Серік Жұманғарин көрмені аралап көріп, еліміздің түрлі өңірінен келген бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты.
Павлодарлық "Феникс" жиһаз фабрикасы әлеуметтік және коммерциялық нысандарға арналған мектеп жиһазын, кеңсе креслосы мен орындық шығарады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын жаңа жабдықтар сатып алып, өндірістік қуатын кеңейткен. Қызметкерлер қатары 15-тен 60 адамға дейін көбейген. Бүгінде зауыт жылына 60 мыңға дейін орындық, 40 мыңға жуық мектеп жиһазы мен 7 мың кеңсе креслосын шығарады. Кәсіпорын өнімі бүкіл ел бойынша білім беру мекемелеріне жеткізіледі.
Сондай-ақ вице-премьер Қазақстанда өсімдік негізіндегі экологиялық таза тұрмыстық химия өндірушісі - Қарағанды облысынан шыққан "WEC TRADE" ЖШС өнімдерімен танысты. 2016 жылы автохимия шығарудан бастап, бүгінде WEC бренді тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік қағидаттарына сәйкес келетін адам мен қоршаған ортаға қауіпсіз өнімдер шығарады.
Вице-премьер сыртқы инженерлік желілерге арналған жабдықтардың жетекші қазақстандық өндірушісі - TAZAU тазарту құрылыстары зауытының қызметіне ерекше назар аударды. Кәсіпорын он жылдан астам жұмыс істеп, Қазақстан мен ТМД елдерінің аумағында жобаларды жүзеге асыруда. Сарқынды суларды тазарту саласында шешімдер жасайды.
Ulttyq ónim - 2026" көрмесі ЭКСПО ХКО-да 24 мамырға дейін жалғасады. Осы күндер бойы ол B2B-кездесулер, панельдік сессиялар, шеберлік сыныптары мен қазақстандық бизнестің жетістіктерін көрсету үшін тиімді алаңға айналады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.05.2026, 10:57 241
Еңбек министрлігі Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке көмекшілер жұмысының ашық әрі икемді моделін енгізуде
Сурет: gov.kz
Достарға айту
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны жариялады. Жаңа бастама мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау жүйесін неғұрлым икемді, ашық және заманауи форматқа көшіруге бағытталған. Негізгі мақсат - ескірген бюрократиялық рәсімдерден бас тартып, көмекші мен қызмет алушы арасындағы өзара байланысты толықтай цифрлық жүйеге бейімдеу, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жобадағы басты жаңашылдықтардың бірі - жеке көмекші қызметінің азаматтық-құқықтық қатынас ретінде нақты бекітілуі. Бұл аталған қызметтің еңбек қатынастары санатына жатпайтынын айқындайды. Нәтижесінде жеке көмекшілер мен қызмет алушылар үшін артық қағазбастылық жойылып, жұмыс уақытын есептеу табельдерін жүргізу және өмірлік жағдайларға сәйкес келе бермейтін қатаң кестелерге бейімделудің қажеті болмайды.
Жаңартылған тәсіл бойынша қызмет көрсету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтың нақты өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйенің адамның нақты қажеттілігіне қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Яғни, сүйемелдеу медициналық ұйымдарға, мемлекеттік мекемелерге немесе өзге де инфрақұрылым нысандарына бару қажет болған жағдайда ғана ұсынылады. Сонымен қатар төлем әр орындалған өтінім бойынша жүргізіледі. Бұл нақты көрсетілген қызмет көлеміне сай әділ ақы төлеуді қамтамасыз етеді. Ал қызметтің орындалуын алушының ақпараттық жүйе арқылы жеке растауы бюджет қаражатының мақсатты әрі сапалы жұмсалуына кепіл болады.
Еліміз бойынша бірыңғай стандарттарды қалыптастыру мақсатында министрлік тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын үлгілік шарт нысанын енгізуді ұсынып отыр. Бұл шешім жеке көмекшілердің де, қызмет алушылардың да мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Цифрлық есепке көшу әкімшілік кедергілерді азайтып қана қоймай, әр өңірдегі қызметке деген нақты сұранысты бақылауға жол ашады. Жалпы, енгізілетін өзгерістер мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттырып, оны алу үдерісін барынша жедел әрі ыңғайлы етуге бағытталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.05.2026, 10:26 9381
Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе қаласында Тахауи Ахтанов атындағы драма театры үшін жаңа ғимарат салу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Үкімет резервінен 8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Үкімет бөлген қаржы театр құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауға мүмкіндік береді.
Театр қала мен аймақтың мәдени өмірі үшін өте маңызды, оның тарихы 80 жылдан асады.
Театрдың жаңа ғимараты Алтын орда шағын ауданында салынып жатыр, 700 орынға есептелген театр өнердің заманауи талаптарына сай үлкен және кіші залдардан, заманауи репетициялық үй-жайлар мен сахналық кеңістіктерден тұрады. Театрдың айналасында демалыс орталықтары, саябақ пен қала тұрғындарының демалуына арналған стадион салу көзделген.
Жаңа мәдени нысанның құрылуы қала мен облыс халқының екі есеге жуық өсуіне байланысты, бұл мәдени инфрақұрылымды кеңейту және шығармашылық қызмет үшін жаңа алаңдардың пайда болу қажеттілігін арттырды. Жалпы, жоба театр қызметтерінің сапасын арттыруға, шығармашылық ұжымдардың жұмысы үшін заманауи жағдай қалыптастыруға және театр өнерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өткен жылы елімізде 61 мәдени нысан салынып, 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 18:23 11221
Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімін қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері және алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, экономиканы әртараптандыруда алдағы үш жылға 1 триллион 900 миллиард теңгенің 48 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Биыл 1 триллион теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхананың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қызылорда - Ақтөбе автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды. Бейнеу - Сексеуіл тас жолының құрылысы жақында қолға алынбақ.
Жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, халықтың 85 пайызы көгілдір отынды тұтына бастайды. Үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2 400 пәтер беру жоспарланған. Облыстағы 138 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізу, жолдардың 95,5 пайызын жақсарту көзделген.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілгерілету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 17:20 11441
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президентке өңірдің былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Павлодар облысында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатыны жөнінде баяндалды.
Асайын Байхановтың айтуынша, өңір экономикасына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 47 пайызды құраған. Инвестиция тарту жөнінен облыс республикадағы көшбасшылардың бірі саналады.
Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Елімізде өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр қуатының 42 пайызы Павлодар облысына тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6 пайызға артып, 571,4 миллиард теңгеге жетті. Ылғал үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Павлодар облысы өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрініп, шаруалар картоп, күнбағыс және қарақұмықты мол жинады.
Мемлекет басшысына әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы туралы ақпарат берілді. Өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда 2 мектеп және ауылдарда 3 мектеп, сондай-ақ 30 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Биыл тағы 2 мектеп салу және әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімінің айтуынша, былтыр ауылдардың барлығы таза ауыз суға қол жеткізген. Өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылды. Жақсы жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 96 пайызға көбейіп, 621 шақырым автокөлік жолы және ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Биыл өңірдегі перспективті ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Президентке Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын және "Шахтер" саябағын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту, үшінші ГРЭС салу және "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайында есеп берілді.
Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 16:24 9611
Жаңа қуат көздері, газбен қамту және жылу беру: Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысының негізгі жобаларымен танысты
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Онда өңірдегі негізгі міндеттердің орындалу барысын тексеріп, ірі индустриялық әрі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Жұмыс сапары барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, жылыту маусымына дайындық, жылу энергетикасы мен газбен қамту жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Теміртауда Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірістік процестермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.
Домна пештерін табиғи газға ауыстыру мазутты пайдалануды толығымен тоқтатып, қондырғының орнықты жұмысын нығайтуға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік берді", - деді Qarmet корпорациясының басқарма төрағасы Петр Трушин.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттың жаңа өндірістік нысандарын салу барысы туралы баяндалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 млн тонна болат шығарған. "5-9-5" стратегиясы аясында 2028 жылға қарай компания өндірісті 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Жұмыс сапарының бір бөлігі 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа және Теміртау мен Қарағанды қалаларының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға арналды.
Алдағы жылыту маусымында проблемалар болмауы керек. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандар бойынша дайындық паспорттарын алу қажет. Жылыту маусымы кезінде іркілістерге жол беруге болмайды", - деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-ті жөндеу жұмыстарының барысымен және стансаны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергия блогы электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді.
ЖЭО-3-ті кеңейту - өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша қуат резерві пайда болып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі", - деп хабарлады "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Сапар барысында Қарағандыны газбен қамту мәселелері де сөз болды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарлануда.
Бірінші кезек бойынша 10 мыңнан астам абонентке газ жеткізіледі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін екінші кезекке көшеміз, олар - Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау тұрғын үй алаптары", - деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.
Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорында болды.
ТАМПО Қазақстан" зауытында оның назарына түзу тігісті болат құбырларды шығару бойынша жаңа өндірістік желі ұсынылды. Диаметрі 630 мм болатын құбырларды күйдіру мен шынықтырудың арнайы технологиясы өнімдерді -60-тан +60 градусқа дейінгі температурада пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ.
Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және оны локализациялау бағдарламасымен танысты. Бүгінде зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, ас үй плиталары, теледидарлар мен ауа баптағыштар шығарылады.
Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 800 адамға дейін артып, өнім саны жылына миллион бірлікке дейін жетеді", - деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарында болып, автобустар мен арнайы техникалар шығару желісімен және автомобиль шиналары өндірісімен, сондай-ақ кәсіпорын қуатын одан әрі кеңейте түсу жоспарымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз еліміздің өңірлерін жиі аралаймыз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда, ірі өндірістер жұмыс істеп тұр, онда сан мың адам еңбек етеді. Біз кәсіпорындардың толыққанды өндіріс құрып, оны одан әрі дамытуды жоспарлап отырғанын көрдік", - деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру Қарағанды облысын дамытудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
22.05.2026, 10:26Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды 22.05.2026, 16:18 2221Алматыда Тарақты руының Наурыз мерекесіне арналған кең ауқымды басқосуы өтті22.05.2026, 12:34 13062025-2026 оқу жылындағы қорытынды емтихан мерзімдері бекітілді22.05.2026, 17:58 821Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті22.05.2026, 18:13 636Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
15.05.2026, 21:45 235726Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 22:02 235241Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды15.05.2026, 20:53 235151Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті15.05.2026, 20:43 232961Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты15.05.2026, 19:40 229356Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті
29.04.2026, 15:15 383496Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 16:18 383321Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады29.04.2026, 17:20 383101Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті29.04.2026, 13:35 330511Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 10:42 288831Орынбор облысының іскер топтары Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

