26.06.2019, 23:26 9427

Арыс: эвакуациялық орталықтарда 24 мыңнан астам адам тіркелді

Арыс қаласындағы жағдай тұрақты. Қазіргі кезде қаланы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдан зардап шеккен халықтың да жағдайы қалыпты. Бұл туралы бүгін облыстық штаб мүшелері мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан. 26 маусым. Kazakhstan Today - АРЫС: ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАРДА 24 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТІРКЕЛДІ

Арыс қаласындағы жағдай тұрақты. Қазіргі кезде қаланы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдан зардап шеккен халықтың да жағдайы қалыпты. Бұл туралы бүгін облыстық штаб мүшелері мәлімдеді.

Арыс қаласының маңындағы Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы мектепте орналасқан облыстық штабта өткен брифингке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты.

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен азаматтармен жұмыс жүргізу және қолдау көрсету мақсатында құрылған арнайы жедел штаб қазіргі таңда толыққанды жұмыс жүргізуде.

Эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде: Шымкент қаласында 20 мың, Түркістан облысының аудандарында 4 мыңнан астам адам тиісті көмек алуда.

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-ке жуық қоныстану орталықтары жұмыс істеуде.

Халық орналасқан орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев күні кеше Түркістан облысында "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылғанын хабарлады.

"Үш күннен бері аталған қорға республикамыздың түкпір-түкпірінен отаншыл және жомарт жүректі азаматтар қаржыларын аударып жатыр. 26 маусымдағы мәлімет бойынша қорға түскен қаржы көлемі 225 млн. теңгеге жетті" деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.

Эвакуация кезінде 200-ге жуық бала ата-анасынан адасып қалған болатын. Олардың барлығы да бүгінгі күні отбасымен қауышыпты.

- Қазіргі уақытта бұл бағытта арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Сондықтан да, ата-анасынан, отбасынан адасып қалған балалар жоқ деп айта аламыз. Өңірдің кәсіпкерлері төтенше жағдайдан зардап шеккендерге ақшалай және заттай көмек көрсетуге әзір екендерін айтуда, әрі іс-жүзінде бастапта жіберді. Одан бөлек, қабылдау пунктеріне келген жандарды ыстық тамақпен, киім кешекпен қамту, балаларына ойыншықтар алып беру және өзге де күнделікті тұтыну тауарларымен қамту істеріне жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер өз үлестерін қосуда - деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Елордамыз "Нұр-Сұлтан қаласынан" бастап, облыс орталықтарында, шалғайдағы аудан орталықтары мен қалалаларда, ауылдарда штаб пәтерлер орналасып, көмек қорлары жиналуда.

Кешегі күні Қарағанды мен Қызылорда облысынан азық-түлік және тұрмыстық заттар жеткізілген. Жамбыл Атырау облыстарынан гуманитарлық көмек келе жатыр.

Арыс қаласы аумағында Түркістан облысы Полиция департаментінің 448 қызметкері мен 75 арнайы автокөлігі жұмылдырылды.

Ұлттық гвардияның №6506 әскери бөлімінің 580 әскери қызметшісі және 36 арнайы автокөлігі, оның ішінде тұрғындарды эвакуациялауға қажетті жоғары өтімділікті 10 "Урал" автокөлігі, әскери полицияның 10 қызметкері, №0358 әскери бөлімінің 200 әскери қызметшісі (барлығы 1238 қызметкер) бар.

Сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігіне бағынысты бөлімшелердің 1800 әскери қызметшісі мен 50 арнайы техникасы тартылды.

25-26 маусым күндері облыс полиция департаментінің қызметкерлері ұрлықтың 4 фактісінің алдын алды.

Қала периметрі бойынша қосымша Арыс ауыл жолдарына 20 бекет қойылды.

Патрульдеу барысында полиция қызметкерлерімен 37 бас мал (22 ірі қара, 15 ұсақ мал), сондай-ақ 150 иесіз қой анықталып, күзетке алынды.

25 маусымда Полиция департаменті Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, Арыс қаласының аумағын минасыздандыру бойынша іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 130-ға жуық снаряд табылды.

ТҮРКІСТАН: ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАРҒА ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

Қазіргі таңда Арыс қаласынан қауіпсіз аймаққа көшірілген халыққа облыстық әкімдік тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалуда. Арнайы жұмысшы топ құрылған. Еріктілер де өз көмектерін аямауда. Яғни үй жайын тастап кеткен тұрғындар ешнәрседен тарығып жатқан жоқ. 22 қоныстандыру орындарына 3566 адам жайғастырылған. Оның 623-і балалар. Барлығы түгел азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Мәселен, Төреарық ауылындағы Тәуке хан атындағы мектепте 24 маусым күні 347 адам келіп тіркелген. Қазіргі таңда орналасқандардың саны 89 адам. Оның бесеуі бес жасқа дейінгі кішкентай балалар. Азық-түлік уақытылы жеткізіліп жатыр. Киім-кешекке дейін толық қамтамасыз етілуде. Сондықтан ондағы халық мән-жайды білуге барған БАҚ өкілдеріне өздерінің ризашылықтарын жеткізді.

"Ордабасы ауданына қарасты Тәуке хан атындағы мектепте, өздеріңіз көріп тұрғандай орналастырылған адамдарға барлық жағдай жасалуда. Әр адамның жеке басы үшін гигиеналық заттар таратылуда. Одан өзге киім, аяқкиім беріліп жатыр. Сыртта әскери палаткаларда арнайы душтар қойылған. Тамақ ішу орындары қарастырылған, мектептің спорт залында 200 адам еркін тамақтана алады", - деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов

Жалпы қоныстандыру орталықтарының жұмысы төтенше жағдай толық шешімін тапқанша жалғасады.

АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС КЕЗІНДЕ ТОЛҒАҒЫ ҚЫСҚАН ӘЙЕЛДІ БОСАНДЫРҒАН ҰСТАЗДАР!

Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болған сәтте ҰБТ өткізу орталығында болған БҒМ қызметркелері QAZAQSTAN ұлттық арнасының тікелей эфирінде, болған оқиғаны баяндап берді. Олар толғағы қысқан жүкті әйелді босандырып алған.

"Жарылыс болған уақытта не істерімізді білмей, қаша бастадық. Қаланы білмегендіктен, қайда барарымызды білмедік. Аяғымыз қансырай жүгірдік. Сыртта көліктер балаларды алып кетіп жатты. Біз балалар барсын деп, көлікке отырмадық. Жаяу жүрдік. Бір кезде жас жігіт тоқтады. Есімі Досмұхамед. Бізді 41-ауылға дейін жеткізіп тастады. Жол бойында әжелерді, балаларды алды", - дейді БҒМ қызметкері Жанат Нұржұманова. Олар жүкті әйелді көріп, босануға көмектескен. Балбөпе Өтенова мен Жанат Нұржұманова, Шайза Доскаева, Ақжар ауылында барар жолда жүкті әйелді босандырды.

"Жүкті әйел өте мықты екен. Таңертең толғағы басталып, Арысқа ауруханаға барған. Алайда жарылыс болып, ол жерден акушермен бірге қашқан. Бірнеше шақырымды жаяу жүрген. Біздің көлік тоқтағанға дейін жаяу жүріпті. Жүкті әйелдің шыдамы тауысылғанда бірінші кездескен үйге тоқтадық. Бәрі сәтті өтті", - деді Балбөпе Өтенова.

Айтуынша, сәбидің салмасы үлкен болғандықтан босандыру да қиынға соғыпты.

"Бойжеткен қуаныштан баласының есімін көлік жүргізушісінің құрметіне қоймақ еді. Өмірге келген сәби қыз бала болды. Сондықтан жүргізушінің анасының есімімен Камила деп қойды", - дейді ол.

Босанған әйелдің есімі Кенже. 1996 жылы туған. Бұл оның екінші баласы екен. Министрлік қызметкерлері әйелдің күйеуіне әке болғанын хабарлап, өздері әрі қарай кете барды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны