04.12.2006, 18:16 2836

Астанада ақысыз қан тапсырушылар саны екі есе азайған - денсаулық сақтау департаменті

АСТАНА. 4 желтоқсан. Kazakhstan Today. Астанада ақысыз қантапсырушылар саны екі есе азайған,-деп мәлімдеді бүгін қалалық әкімшіілікте өткен жиында Астананың денсаулық сақтау департаментінің директоры Темірлан Қайырбеков.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқиғалардың салдарынан ақысыз қан тапсырушылардың саны екі есе азайды,-деді Т.Қайырбеков.

Сонымен қатар, ол қазіргі кезде қан тапсырушылықты қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатқаны туралы сөз етіп, "біз таяуда 1000 тұрғынға 38 қан тапсырушыдан келетіндей көрсеткішке қол жеткізбек үміттеміз", деді. Ал жалпы бұл көрсеткіш 1000 тұрғынға 40 қан тапсырушыдан келуі қажет дейді Т.Қайырбеков. "Кейінгі кездері Астанада 1000 тұрғынға 40-42 қан тапсырушыдан, ал республика бойынша бір мыңға 23-тен болып келген еді",-дейді департамент директоры.

Сонымен қатар, оның ойынша, қан тапсырушылардың азаюына өтемақының мардымсыздығы да әсер етіп отыр. "Өтемақы қазір 257 теңге, сондықтан бұл мәселені шешу үшін қан тапсырғаны үшін өтемақының көлемін де кем дегенде 500 теңгеге көтерген жөн",-дейді ол.

Ал Астана әкімі Асқар Мамин өз кезегінде қан тапсырушылар санының кемуі "бүгінгі таңдағы қан алушылардың жұмысына күмәнмен қарау себеп",-деп санайды. "ОҚО оқиғалар осы салада белең алған асқан жауапсыздықты айғақтайды",-деді әкім. Астана басшысы дәл осы жайттарға байланысты Астанада жаңа, заманауи қан тапсыру орталығының құрылысын 2008 емес 2007 жылы бастау туралы тапсырма бергендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол денсаулық департаментіне келесі жылдың 1-наурызына дейін қан тапсырушылықты дамыту туралы қалалық бағдарлама әзірлеу қажеттігін тапсырды

Денсаулық сақтау департаментінің деректері бойынша, жылына астаналық 27 мың тұрғын қан тапсырады, олардың 10 пайызы ақылы, ал қалғандары ақысыз тапсырады. Астанада жыл сайын 15,5 мың литр қан мен оны құрайтын заттар, сонымен қатар қаннан жасалатын 22 түрлі өнім дайындалады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны