22.04.2008, 19:41 3740

"Atameken Holding" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы өзінің кәсіпорнын мемлекеттік билік рейдерлік жолмен басып алмақшы деген мәлімдеме жасады

"Atameken Holding" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы өзінің кәсіпорнын мемлекеттік билік рейдерлік жолмен басып алмақшы деген мәлімдеме жасады

Алматы. 22 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - "Atameken Holding" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Айтжанов мемлекеттік билікті кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алмақшы деп айыптауда. Ол "Бес Тұлға" кешенінің құрылысына байланысты шыққан дау-дамайға қатысты жасаған баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі. "Мен ашық түрде мәлімдеймін: рейдерлік элементтері бар. Біз онымен қазір жұмыс жасаудамыз. Алайда бұған бұрынғы әкімнің де, қазіргісінің де еш қатысы жоқ. Қос әкімге де тікелей теріс ақпарат жеткізілген (дезинформация). Ол қазір де жалғасуда", - деді Ұ. Айтжанов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің (МСҚБ) директоры Қайрат Қоңырбаев "Atameken Holding" АҚ бөлімшелерінің бірі болып табылатын "Атамекен құрылыс" компаниясы салып жатқан Гагарин - Мыңбаев - Сәтбаев - Радостовец көшелерінің қиылысындағы 21 қабаттық ғимарат бұзылады деп мәлімдеген болатын.

"Құрылыс компаниясының құрылыс салуға рұқсаты жоқ. Біз оны бермейміз. Себебі, олардың техникалық жағдайы, жоба бойынша қорытындылары жоқ. Олар бұл нысанды ешқандай рұқсат құжаттарынсыз салған", - деген-ді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры Қайрат Қоңырбаев.

Құрылысқа жақын маңдағы қосалқы станцияның қуатының төмен болуынан құрылыс кезінде электр қуаты жиі өшіп қалып отырған. "Біз құрылысшыларды қосалқы станциядан қаншама рет ажыраттық. Олар сонда да заңсыз дизельдік мотор орнатып алып, құрылыстарын жалғастырды. Бірнеше рет жасалған ескертулер, тыйымдар оларға әсер еткен жоқ", - деп хабарлады Қ. Қоңырбаев.

МСҚБ департаментінің басшысының түсіндіруінше, аталмыш мекеменің сотқа ұсынған материалдар негізінде заңсыз құрылысты бұзу туралы шешім шығарылған.

Ұ. Айтжанов рұқсат құжаттарын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті өзге де қызметтермен алдын ала келісім, сондай-ақ, жобаның сараптамасы құрылыс компаниясында болуына қарамастан әдейі бермей отыр деп сендіруде.

"Соңғы бірнеше жылдағы Алматыға әкелген инвестиция көлемі бізде ширек миллиард долларға жетті. Бұл сома белгілі бір қызығушылық тудырмай қоймайды", - деп түсіндіреді рейдерлік себептерін Ұ. Айтжанов. Ол сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдік өзі осы ауданға құрылыс салуды ұсынған. Алайда, "Атамекен құрылыс" осы маңдағы жердің 80 пайызын сатып алғаннан кейін "Алматыжер" МКК оған қалған жерлерді үстеме бағамен сатып алуды ұсынған.

Құрылыс компаниясы ұсыныстан бас тартқан. Олар бұл жерлерді "Алматыжердің" көмегінсіз-ақ сатып аламыз деп шешкен. "Бірақ, бізге мұндай мүмкіндік берген жоқ. Бұл жерлерді "Алматыжер", яғни мемлекет үшін жылдам және айтарлықтай қымбат бағамен сатып ала қойды. 11 жер учаскесін 235 млн теңгеге сатып алды", - деп түсіндірді Ұ. Айтжанов.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін "Атамекен құрылыс" компаниясының қаржылық жағдайының нашарлығына байланысты жер учаскелерін осы компанияға беру туралы жер комиссиясының алдыңғы тұжырымының күшін жою туралы қала әкімінің орынбасары Яков Заяц қол қойған қорытынды шыққан.

"Біз қала әкіміне шағымдандық. Жағдайды суреттеп бердік. Алайда ол хатымыз біресе Заяцтың, біресе Коржовтың ("Алматыжер" директорының орынбасары - агенттік ескертпесі) қолына түсіп отырды. Сол уақытта бізге даулы учаскелерді тәркілеу құқы үшінші компанияға берілгені жайлы белгілі болды. Және "Алматыжердің" "Атамекен құрылысқа" жолдаған жауабында 1 млрд 40 млн теңге сомасындағы жер учаскелерін тәркілеу құқын компания беруге әзір екендігі көрсетілген", - деді Ұ. Айтжанов. "Тиісінше компания бұл жерді 235 млн теңгеге сатып алады. Және бізге 1 млрд 40 млн теңгеге сатады. Айырмасы - 806 млн теңге. Ирі қарай өздеріңіз мұнымен кімдердің айналысып жүргенін және құрылысқа рұқсат беру құжаттарының алға жылжымауы кімдерге қажет болғанын бағамдай беріңіздер", - деді ол. Бірақ, соған қарамастан, құрылыс компаниясы "Бес Тұлға" кешені жобасының келісімін алған. Техникалық талаптарын алған. Сол уақытта үрдіс жүріп кеткендіктен бізге осы жерлерді алғашында сұралған бағадан 250 млн теңгеге қымбат сатып алуға мәжбүрледі", - деді ол.

Сонымен қатар, Atameken Holding басшысы жоба басталған кезде қалада мұндай кеңес болмауына қарамастан жобаны қала құрылысы кеңесінде қорғауға мәжбүр еткенін де еске салды. Кейін қала құрылысы кеңесінің рұқсатымен компания ауданның бөлшек жоспары жетілдіріледі деген міндеттеме алған. Алайда олар қала құрылысы кеңесі кейіннен өтпегендіктен бұл жетілдіруге келісімді ала алмаған. Соған қарамастан заңсыз құрылысты тоқтату талабымен құжаттарды сотқа тапсыра отырып мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті қала құрылысы кеңесінің рұқсатының жоқтығына сілтеме жасаған. "Бұл адамдардың (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті, "Алматыжер" - агенттік ескертпесі) кез келген құжатта қажетті екпін жасайтын тетіктері жеткілікті", - деп есептейді Ұ. Айтжанов. Сосын қала жұртшылығына теріс ақпарат беру басталады. Біздің жасағанымыздың барлығы дұрыс емес, біз қайдағы бір алаяқтармыз деген пікір қалыптасады. Сот істері бірінен кейін бір басталады. Және бірінен кейін бірін біз жеңіп отырсақ та, жаңалары шыға береді", - деп толықтырды ол.

Ұ. Айтжановтың сөздеріне Atameken Holding заңгері де қосылады. "Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің өкілдері "Бес Тұлға" кешенінің рұқсатсыз салыну оқиғасы бойынша әкімшілік материалды сотқа тапсырған. Сот болса мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің өзі не айғақталған жауап бермей, не құрылысқа рұқсат бермей жағдайды тек шиеленістіріп жібергенін анықтады. Осылайша ол бізге ғимаратты салып бітіруге мүмкіндік берген. Бір жарым жыл бойы жауап бермеді. Оның өзі Қазақстан Республикасының қаншама заңдарын бұзды. Ғимарат күштеп бұзусыз қалдырылған, біздің заңды тұлғамызға рұқсатсыз құрылыс салғаны үшін айыппұл тағайындалды", - деді ол.

Ұ. Айтжанов хабарлағандай, кешен пәтерлерін 297 үлескер сатып алған. Atameken Holding ғимаратты бұзғысы жоқ. Ұ. Айтжанов ғимарат бұзыла ма сауалға: "Ирине жоқ! Бізге мұны кім істете алады?", - деп жауап берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны