18.02.2019, 18:14 6359

Қазақстан бойынша аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинеттер ашылуда

"Әр бала мектепке лайықты" жобасында аутизмі бар балалар өздерінің білім алу құқығын іске асырады, қазақстандық мамандар өздеріне жаңа әдістер мен бағдарламаларды ашады, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс бойынша халықаралық тәжірибені зерделейді.

Астана. 18 ақпан. Kazakhstan Today - "Болашақ" Корпоративтік қоры "Нұр Отан" партиясының қолдауымен Қазақстан бойынша аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинеттер ашуда.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға (аутизм, ДЦП және басқа да ментальды бұзылулар) сапалы білім алу үшін тең мүмкіндіктерді жасау мақсатында 2015 жылдан бастап "Болашақ" Корпоративтік қорымен "Әр бала мектепке лайықты" жобасы іске асырылуда. Жоба "Нұр Отан" партиясының "Кедергісіз келешек" жобасының "Инклюзивті білім беруді қолдау" бағытының шеңберінде іске асырылады. 2019 ж. аутизмге шалдыққан балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында ашылады.

"Әр бала мектепке лайықты" жобасының ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту әдістерімен танысу үшін 2019 жылғы 12 ақпанда Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласының Білім басқармасының өкілдері мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және "Нұр Отан" партиясы өкілдерінің қатысуымен астаналық №85 мектеп-лицейге сапары өтті.

Жоба қалай жұмыс істейді және Жобаға қалай қатысуға болады?

Мектеп - әрбір баланың балалық шағын толтыратын кішкентай өмір. Бала мектепте білім алғаннан басқа достасуды, ойнауды, көмектесуді, жәрдем беруді үйренеді. Жоба шеңберінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өзінің диагнозына қарамастан мектепте оқу мүмкіндігін алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қажетті көмекпен қамтамасыз ету үшін мектепте Инклюзияны қолдау кабинеті (ИҚК) жұмыс істейді.

ИҚК мамандарының басты мақсаты - мектептің әлеуметтік ортасына баланың жайлы қосылуын қамтамасыз ету. Куратор жеке дамыту бағдарламасын құрайды, тьютор балаға бағдарламаны игеруге, сыныптастарымен және мұғалімдермен өзара әрекеттесуге көмектеседі, ИҚК мұғалімі балаларды бағдарлама бойынша жүргізудің процесстік тұтастығын қадағалайды.

Сабақтан тыс уақытта мамандар ИҚК-де жеке және топтық дамыту сабақтарын жүргізеді. Кабинет төрт аймаққа бөлінген: сенсорлық жеңілдену аймағы, жеке сабақтар аймағы, топтық сабақтар аймағы және мұғалімнің жұмыс аймағы. Әрбір аймақ қажетті жабдықтармен және материалдармен жабдықталған.

Жобаның ерекшелігі мектепті міндетті әдістемелік сүйемелдеу (бұдан әрі - жетекшілік) болып табылады. Жетекшілік қажеттілігі ақыл-ойында бұзылыстары бар балалардың даму ерекшеліктерінен туындады.

Жоба кураторлары әр балаға жеке даму бағдарламасын (ЖДБ) әзірлейді, осы бағдарлама бойынша жұмыс істеуді үйретеді, сонымен қатар ИҚК мұғалімінен және тьюторлардан (еріп жүретін тұлғалардан) тұратын ИҚК командасына консультациялық қолдау жүргізеді.

"Әр бала мектепке лайықты" жобасында аутизмі бар балалар өздерінің білім алу құқығын іске асырады, қазақстандық мамандар өздеріне жаңа әдістер мен бағдарламаларды ашады, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс бойынша халықаралық тәжірибені зерделейді. Жобаға bolashakcharity.kz сайтында анкетаны толтырып қатысуға болады.

"Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы барлық бекітіліген заңдарға қарамастан мектептер білім беру ерекшеліктері бар балаларды көбінесе аутизмі бар балаларды қабылдауға дайын емес. Соңғы 10 жылда әлемде және Қазақстанда мұндай балалардың саны 10 есеге артқан. Қазір бүкіл әлемде адамдар аутизмді ауру ретінде емес, жай-күйі ретінде қабылдай бастады. Біз бұл жобаны бастаған кезде жобаның негізі ретінде мінез-құлықты қолданбалы талдау жұмысын жүргізу болатын, бұл дегеніміз ерекше қажеттіліктері бар әр баланың өзінің жеке тьюторы және жеке даму жоспары бар" - деп түсіндірді Динара Чайжунусова.

Анықтама ретінде:

2015-2018 ж. аралығында қор аутизмге шалдыққан балаларға және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 248 балаға инклюзиялық қолдау көрсетті. Инклюзивті білім беру саласында 161 жұмыс орны құрылды. 20 Инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Білім беру, денсаулық сақтау салаларының 800-ден астам маманы және ата-аналар инклюзивті білім беру мен мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны