20.01.2021, 15:20 6980

Қазақстанда банктердің, айырбастаушылар мен ломбардтардың жұмыс тәртібі өзгерді

ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің "Қаржы нарығы субъектілерінің жұмыс режимі туралы" бірлескен бұйрығы қабылданды.
Нұр-Сұлтан. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің "Қаржы нарығы субъектілерінің жұмыс режимі туралы" бірлескен бұйрығы қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап.
 
Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуын болдырмау мақсатында, 2021 жылғы 19 қаңтардан бастап субъектілерге қызметтерді онлайн-режимде барынша көрсетуді қамтамасыз ету бұйырылды, делінген құжатта.
 
Субъектілер тізіміне келесі қаржы ұйымдары кірді: екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясының негізінде қызметін айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалар; ипотекалық ұйымдар; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары; сақтандыру брокерлері, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары; бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар; микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар; төлем ұйымдары; коллекторлық агенттіктер.
 
Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес мыналарға жататын аймақтарда қызметін жүзеге асыратын субъектілер:
 
"қызыл" аймаққа – халыққа қызмет көрсеткен кезде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим шараларын қатаң сақтаған жағдайда, өндірістік қажеттілік кезінде қашықтан жұмыс істеу нысанына филиалдың (бөлімшенің, пункттің) штат санының кемінде 40 % (қырық пайыз) қызметкерлері ауыса алатын филиалдарын (бөлімшелерін, пункттерін) қоспағанда, жалпы штат санының кемінде 60% (алпыс пайыз) қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істеу нысанына ауысуын қамтамасыз етсін; 
 
"сары" және "жасыл" аймақтарға – халыққа қызмет көрсеткен кезде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим шараларын қатаң сақтаған жағдайда, өндірістік қажеттілік кезінде қашықтан жұмыс істеу нысанына филиалдың (бөлімшенің, пункттің) штат санының кемінде 30 % (отыз пайыз) қызметкерлері ауыса алатын филиалдарын (бөлімшелерін, пункттерін) қоспағанда, жалпы штат санының кемінде 50% (елупайыз) қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істеу нысанына ауысуын қамтамасыз етсін; 
 
Екінші деңгейдегі банктер клиенттер операцияларын өңдеуді жүзеге асыратын қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды және банкоматтардың, терминалдардың, интернет-банкингтің, мобильдік банкингтің және басқа да клиенттердің банктік шоттарын қашықтан басқару жүйелерінің, инкассаторлық қызметтің, call-қызметтің, төлем карталарын жеткізу қызметінің, сондай-ақ олардың ұйғаруы бойынша басқа қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін;
 
Екінші деңгейдегі банктер және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар экономика субъектілері мен халықты қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету бойынша үздіксіз қызметті, оның ішінде банкоматтарды қолма-қол ақшамен уақтылы толықтыруды және олардың кідіріссіз жұмысын жүзеге асыруды қамтамасыз етсін.
 
Бірлескен бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енедіжәне Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында көзделген шектеу шараларының және (немесе) іс-шаралардың күші жойылғанға дейін қолданылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны