02.09.2022, 15:56 27196

Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту - Еңбек министрлігі отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы айтты

Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту - Еңбек министрлігі отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы айтты
НҰР-СҰЛТАН. 2 ҚЫРКҮЙЕК - Әлеуметтік кодекс жобасында қолданыстағы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер толық сақталған. Сонымен қатар, құжатта балалы отбасыларды мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қолдауды жақсартатын нормалар қарастырылған, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Еңбек министрлігі хабарлағандай, біріншіден, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылатын болады.
 

Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады. Жұмыс берушілердің олардың қызметкерлері үшін МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет", - деп нақтылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

 
Екіншіден, бала туылғанға дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.
 
Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланатын болады. Мәселен, "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
 
Бүгінгі таңда 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады.
 
Бұл ретте 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленетін болады.
 
Төртіншіден, мүгедектігі бар балалар үшін қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу мақсатында 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылатын болады.
 
Бесіншіден, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылатын болады.
 
Бүгінгі таңда отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және МӘСҚ-тен жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін және МӘСҚ-тен жұмыс істейтін әйелдер үшін жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға отбасының табысы есепке алынбай төленетін жәрдемақыны қамтиды.
 
Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Президент 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылатынын хабарлады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны