21.02.2007, 17:35 3150

Бір топ депутат орыс тілін қазақ тілімен тең қолдану туралы Конституция нормасымен келіспейтіндіктерін білдірді

АСТАНА. 21-ақпан. Kazakhstan Today. Мұхтар Шаханов бастаған бір топ мәжіліс депутаттары мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылуға тиіс деген Конституция нормасымен келіспейтіндіктерін білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Тәуелсіздік алған сәттен бері біздің азаматтарымыздың мемлекеттік тілді пайдалану құқықтарына қысымшылық жасалып келеді. Оның басты себебі Конституцияның өзінде жатыр",- деп мәлімдеді бүгін Конституциялық кеңеске "Қазақстан Республикасының тілдер туралы" заңының Конституцияға сәйкестігі туралы 1997 жылы 8-мамырдағы Конституциялық кеңестің қаулысын түсіндіруді сұраған М. Шаханов.

Депутаттың пікірінше, қазақ тілінің мәртебесі басқа тілдерден басым, әсіресе, қоғамдық маңызды іс-шаралар жүргізу кезінде басым болуға тиіс. "Орыс тілі мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекеттік тілдің механизмі қолданылмайды. Сондықтан да, мемлекеттік тілдің беделі төмен",- деп наразылығын білдірді Мұхтар Шаханов.

Осыған байланысты бір топ депутаттар Конституциялық кеңестен "мемлекеттік емес ұйымдарда, ассамблея, мәслихат және т.б. сияқты мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жүргізуде ресми түрде қолданылатын тілдерден мемлекеттік тіл басымдыққа ие ме", сонымен қатар "Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы "тең" терминінің аталмыш іс-шараларға қатысы бар ма" дегенді түсіндіріп беруді сұрады.

Конституциялық кеңестің отырысына қатысып отырған әділет вице-министрі Серік Нұғманов өз кезегінде "мемлекеттік тілдің мемлекеттік емес ұйымдарды қолданылуы туралы мәселені Конституцияның көрсетілген нормасы аясында қарастыру мүмкін болмай отыр", деп атап өтті. "Бізде заңдық тұрғыдан қазақ тіліне ешқандай қысымшылық жасалып отырған жоқ",- деді ол.

Отырыстың барлық мүшелерін мұқият тыңдаған Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов кеңес "ақырғы шешімін шығару үшін кеңес бөлмесіне кетті", деп хабарлады. "Шешімді жариялау уақыты мен орны қосымша хабарланады",- деді ол.

Депутат Мұхтар Шахановтың баяндамасы Конституциялық кеңестегі оның сөздерінің аудармасына сәйкес жазылып алынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны