23.07.2007, 16:40 2789

Бұзылуға тиісті үйлеріне өтемақы төлеуден бас тартылуға байланысты Қарасу ауылының тұрғындары мерізімсіз аштық жарияламақ ниетте

АЛМАТЫ. 23 - шілде. Kazakhstan Today. Бұзылуға тиісті үйлеріне өтемақы ала алмаған Алматы іргесіндегі Қарасу ауылының тұрғындары мерізімсіз аштық жарияламақ ниетте. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында күшпен көшірілуге тиісті ауыл тұрғындарының бірі Рабагуль Иминова хабарлады.

"Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының шешімі бойынша біз көшірілуге тиіспіз, бірақ біз Астанаға да барып, Жоғарғы соттың қадағалау алқасына жүгіндік. Қадағалау арызы қаралғанша бізде бір-екі ай ғана қалады. Осы уақыт ішінде біз қандай да бір шешім шығаруымыз қажет және де біз мұндай жағдаймен күресеміз",- деп түсіндірді Рабагуль Иминова. Ол үйлері тәркіленуге тиіс 13 отбасының ертеңгі күннен бастап мерзімсіз аштық жариялауға шешім қабылдағанын айтып өтті.

"Біз өзімізді білермендікпен жерді басып алушылар деп санамаймыз, біз заңға бағынатын адамдармыз, егер біз заңды бұзсақ, онда бізді 9 жыл бұрын сотқа берер еді. Бұған дейін ешкім біздің құжаттарымыздағы мөрлердің жасанды екендігі туралы айтқан емес, ал қазір біз ешкімге керек болмай қалдық, бізді бар жиған-тергенімізбен "Абажур" ЖШС сатып жіберді",- деп атап өтті Рабагуль Иминова. Оның айтуынша, "Абажур" ЖШС тек 13 үйге ғана көз тігіп отыр, ал онда тағы 100-ге жуық үй салынған".

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл үйлердің тұрғындарында Жетісу ауданы әкімінің 1998 жылдың шілде-қыркүйек айларында қол қойған жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған жер телімін бөлу туралы шешімі бар. 2005 жылы Алматы әкімінің орынбасары Яков Заяц Қарасу тұрғындарына үй құрылысын заңдастыруға уәде берген.

2006 жылдың басында тұрғындар жер комиссиясы мен мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жер телімдеріне деген құқықтарын рәсімдеу мәселесіне қатысты екі рет өтініш жазған, бірақ олардың өтініштері қанағаттандырылмаған. 2006 жылдың маусымында бұл жерлерді қала басшылары аукционда "Абажур" ЖШС-не сауда-коммуналдық нысан салуға 70 млн теңгеге сатқан.

Бірақ, Қарасу тұрғындарының ақпараттары бойынша, "Абажур" ЖШС меншік құқығын рәсімдегеннен кейін мақсатына қарамастан, бұл жер телімін бастапқы бағасы 7 млн АҚШ доллары бойынша сатуға шығарған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны