16.04.2007, 14:15 2770

Душанбеде Орталық Азиядағы ескерткіштерді Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселелері талқылануда

ДУШАНБЕ. 16-сәуір. Kazakhstan Today. Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбеде Жібек Жолының Орталық Азияға қарасты бөлігіндегі ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселелері бойынша субаймақтық семинар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Семинарды ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы, Тәжікстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы мен ЮНЕСКО-ның Идемдік құндылықтар орталығы бірлесе ұйымдастырып отыр.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының мәдени мәселелер жөніндегі маманы Юрий Пешковтың айтуынша, "Жібек жолы" аталымының өзі Орталық Азиядағы көптеген мәдени мұра нысандарының құндылығын мойындауға үлкен ықпалын тигізетін тұжырымдама болмақ". Осынау сериялы аталым құндылықтар тізіміне жеке-жеке енгізуге келмейтін мәдени мұра нысандарын тізімге енгізу арқылы көне дәуірлерден келе жатқан дүниелерді сақтап қалуға талпыныс жасауға мүмкіндік береді.

Бұл кездесу Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытайдың ресми тұлғаларын, ЮНЕСКО сарапшылары, Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңестің сарапшыларын біріктіруді мақсат етеді.

Семинар барысында тараптар Жібек жолы сериялық аталымын Илемдік құндылықтар тізіміне енгізу жөніндегі стратегиялық бастама мен негіздемелік құжатты келісіп, қабылдауға тырыспақшы. Сонымен бірге сериялы аталымға жататын потенциалдық нысандарды анықтауға, субөңірге жататын елдердің сериялы аталымды дайындауға қатысты саяси міндеттемелерін анықтауға қадамдар жасайды.

Ұлы Жібек жолының бойындағы ескерткіштерді былай қойып, Алматыдағы Қазақстанның атақты адамдары тұрған және қазір бұзылғалы жатқан "алтын квадраттағы" үйлер секілді маңызы төмендеу ескерткіштерді сақтап қалу туралы сөз қозғаған ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының мәдени бағдарламалар жөніндегі маманы Франсуа Ланглуаның пайымдауынша, "бұл мәселе бойынша мемлекеттің саяси қолдауын табудың маңызы зор". "Ұйым ретінде ЮНЕСКО тек қана кеңес бере алады, бірақ мемлекеттің өзінің қолдауынсыз оларды сақтап қалу қиын. Мемлекеттің көмегінсіз біз ештеңе де істей алмаймыз, ал мемлекеттің қолдауының маңызы зор",- деді Ф.Ланглуа.

"Егер Алматыдағы үйлердің бұзылу мәселесіне келсек, біз тек бұл мәселеге адамдардың назарын аударып, ақыл-кеңес қана бере аламыз, ал нақты көмекті мемлекет көрсетуге тиіс. Нақ осы себепті осындай бас қосулардың маңызы зор",- деді Ф.Ланглуа.

Осы орайда еске сала кетсек, 18-сәуірде дүниежүзі ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі халықаралық күнді атап өтеді. Бұл күнді ЮНЕСКО-ның жанындағы Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес ассамблеясы 1983-жылы белгілеген. Бұл күн 1984-жылдың 18-сәуірінен бері аталып өтуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны