28.11.2006, 19:13 3170

ЕҚЫҰ қазақстандық кришнаиттердің жағдайына алаңдап отыр

АЛМАТЫ. 28 қараша. Kazakhstan Today. ЕҚЫҰ-ның дін және діни сенімдер бостандығы бойынша консультативті кеңесі қазақстандық кришнаиттердің жағдайына алаңдаушылық білдіреді,-деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

ЕҚЫҰ-ның таяуда таратқан хабарламасында: " консультативтік кеңес Харе Кришна ұйымына тиесілі баспаналардың құлатылуы туралы хабарды естіп алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты қазақстандық билік өкілдерін үйлерді құлатуды доғарып, далада қалған азаматтарға шұғыл түрде қайырымдылық көмек көрсетуді талап етеді",-деп көрсетілген.

ЕҚЫҰ қазақстандық кришнаиттердің төңірегінде болған оқиғаларды жіті бақылап отыр. "Консультативтік кеңеске келіп түскен ақпаратқа сүйене отырып, биліктегілердің Харе Кришна ұйымының мүшелеріне қарсы әрекеттері тек олардың дініне ғана байланысты қасақана ұйымдастырылған деп болжауға болады. Бұл Қазақстандағы Харе Кришна ұйымы мүшелерінің дін және діни сенім-наным бостандығын өрескел бұзылуы туралы ойға әкеліп тірейді.",-деп атап көрсеткен ЕҚЫҰ консультативтік органы.

Аталған жайттарға орай консультативтік кеңес қазақстандық билік органдары өкілдерімен кездесіп, даудың басын ашып алуға дайын екендігін білдірді.

Осыған дейін хабарлағандай, Алматы облысы Қарасай ауданындағы жер телімін "Общество сознания Кришны" ұйымы 1999 жылы қол жеткізген болатын. 2005 жылы аудандық әкімшілік кришнаиттерді жерді өзге мақсатта қолданды деп сотқа арыз берген. Бір апта бұрын сот үкімін орындаушылар кришнаиттерге тиесілі 14 үйді құлатады. Ал шетелдік БАҚ-тардың ақпаратына сәйкес, жергілікті билік өкілдері кришнаиттер егер діни сенімдерінен бас тартса, жерді меншіктеулеріне болады деп шарт қойған көрінеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны