05.04.2012, 13:52 6279

Еліміздің өңірлерінде 123 инновациялық медициналық технологиялар енгізілуде

Қазақстанда отандық медициналық ғылымының тиімді моделі құрылуда. Және ең алдымен, медициналық ғылымның тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесімен өзара байланысы күшейтілуде. Еліміздің өңірлерінде жаңа инновациялық технологиялар қолданысқа енгізілуде: заманауи 400 медициналық жобаның 123-і бүгінде облыстарда іске асырылуда.

Астана. 5-сәуір. Kazakhstan Today - Еліміздің өңірлерінде 123 инновациялық медициналық технологиялар енгізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстанда отандық медициналық ғылымының тиімді моделі құрылуда. Және ең алдымен, медициналық ғылымның тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесімен өзара байланысы күшейтілуде. Еліміздің өңірлерінде жаңа инновациялық технологиялар қолданысқа енгізілуде: заманауи 400 медициналық жобаның 123-і бүгінде облыстарда іске асырылуда.

Бүгінде "Саламатты Қазақстан-2015" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау жүйесі сапалы дамып келеді... Елде озық емдеу-диагностикалық кешендер, медицинаның негізгі бағыттары, оның ішінде ең жаңа бағыттар бойынша ондаған орталықтар құрылды, көліктік медицина дамытылуда. Бізде медициналық пойыздар, автокөлік, медициналық авиация пайдаланылады", -деп атап көрсетті Елбасы Н.И.Назарбаев "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Жолдауында.

Инновациялық жобаларды енгізу және ғылыми медициналық зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қолға алып отырған Денсаулық сақтауды дамытудың "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының басымдықты бағыттарының бірі.

Айта кету керек, денсаулық сақтау саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру сомасы 2007 жылдан бері 2,5 есеге ұлғайып отыр (2007 жылы - 910 млн. теңге болса, 2012 жылы - 2 243,6 млн. теңге). Осының арқасында жоғары технологиялар енгізілуде, диагностиканың заманауи әдістері қолданылуда.

Ғылыми-зерттеу институттары мен республикалық емханаларда сынақтан өткен жаңа технологиялар бүгінде еліміздің өңірлерінде нәтижелі қолданылуда: заманауи 400 медициналық жобаның 123-і облыстарда жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, науқастардың жоғары білікті медициналық көмекке деген қолжетімділігі артуда.

Қазақстанда 2012 жылы 24 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылады. Оның ішінде, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулерді медициналық білім берумен және ғылыммен айналысатын 32 ұйым іске асыруда.

"Саламатты Қазақстан" бағдарламасында медициналық ғылымды дамытудың басымдықты бағыттары көрсетіліп отыр. Олар - экология және денсаулық, халықтың өмір жасын ұзарту, регенеративті медицина (клеткалар технологиясы, жасанды ағзалар) балалардың денсаулығын және ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулықтарын қорғау технологиялары, аурулар мен жарақаттардың салдарынан орын алатын өлім-жітімнің және еңбекке жарамдылыққа ұшырау оқиғаларының алдын алу, инфекциялық, әлеуметтік маңыздағы аурулардың салмағын азайту және оларды болдырмау технологиялары сияқты мәселелер.

Бүгінде еліміздің медицина саласының қызметкерлері тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне жаңа жобаларды нәтижелі енгізіп жатыр. Мысалы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың базасында жүректің жасанды сол қарыншасын имплантациялау операция жасалды. Бұл Қазақстан үшін бірегей операция.

Ал Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында FDA (Food Drug Administration, АҚШ) сертификатына ие болған зертхана және "Адамның жілік майы клеткаларының банкі" ашылып отыр.

Травматология және ортопедия ғылыми орталығында жамбас буынын цементсіз бекітуге арналған эндопротез ойлап табылса, Көз ауруларының ғылыми-зерттеу институты емдеудің жаңа әдісін - Кәрілікпен келетін макулодистрофияның фотодинамикалық терапиясын ойлап тапты.

"Саламатты Қазақстан" бағдарламасын әрі қарай іске асыру денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, соның арқасында отандық ғалымдардың бәсекеге қабілетті жобалар жасауына жағдай жасауға және қазақстандық медициналық қызметтің халықаралық зерттеулер ортасына белсенді ықпалдасуына мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны