08.04.2008, 10:22 1887

Елорда әкімі бірқатар ауыс-түйіс жасады

Елорда әкімі бірқатар ауыс-түйіс жасады

Астана. 8 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Дүйсенбі күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бірқатар ауыс-түйіс жасады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ол қол қойған жарлыққа сәйкес әкім орынбасарлары болып:

Бұрын Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған Василий Крылов;

Бұған дейін ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі болған Рахымжанов Имірхан Мұратбекұлы;

Жаңа қызметіне дейін Астананың экономика және бюджетті жоспарлау департаментін басқарған Тимур Жақсылыков тағайындалды.

Баспасөз баянында әкімнің орынбасарлары қызметінен Ерік Сұлтанов, Ермек Аманшаев пен Болат Смағұловтың босатылғаны атап көрсетілген.

Сондай-ақ, баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, сол күні И. Тасмағамбетов Астана мәслихатының келісімімен Сарыарқа ауданының әкімі орынтағына 2006 жылдың қарашасынан бері Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік сала меңгерушісі болып қызмет істеген Сәбилә Мұстафинаны тағайындады.

Бұл тағайындауға дейін Астана әкімінің аппаратын басқарған Сапар Ахметов Алматы ауданының әкімі болды.

"Алматы ауданының бұрынғы әкімі Гайдар Қасенов өз еркімен қызметінен босатылды", - деп көрсетілген баспасөз баянында.

Сарыарқа ауданының бұрынғы әкімі Ерікболат Қабылдин қалалық тұрғын үй департаментінің директоры қызметіне ауыстырылды. Бұрынғы департамент директоры Святослав Ногай өз еркімен қызметінен босатылды.

И. Тасмағамбетов сондай-ақ, ішкі саясат департаментінің директоры Архат Сыдықовты жұмысынан босатып, бұрын Алматы қаласында дәл осындай қызмет атқарған Аида Балаеваны тағайындады.

Тағы бір жарлық бойынша мәдениет департаменті директорының міндетін атқарушы болып Қыдырәлі Болманов тағайындалды. Ол осы орында отырған Сәкен Ибдірахмановты алмастырды.

Астана қаласының әкімі аппаратының жетекшісі болып бұрын Алматы қаласы әкімінің аппаратын басқарған Жанболат Мұрзалин тағайындалды.

Баспасөз қызметінің жетекшісі әрі Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне Айгүл Аспандиярова тағайындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны