11.03.2007, 13:35 3627

Халықаралық есірткіге бақылау жасау комитеті Ауғанстандағы ахуалға алаңдаушылық танытуда

ДУШАНБЕ. 11-наурыз. Kazakhstan Today. Халықаралық есірткіге бақылау жасау комитеті Ауғанстандағы ахуалдың күннен- күнге төмендеп бара жатқандығына алаңдаушылық танытуда. Бұл туралы Душанбеде әлемдегі 2006 жылғы есірткі ахуалы туралы баяндама жасаған Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының Тәжікстандағы өкілі Владимир Сотиров мәлімдеді.

"2006 жылы апиын көкнәрін өсіру ауқымы 2005 жылмен салыстырғанда 59 пайызға, ал өндіру көлемі 50 пайызға өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке, 6,1 мың тоннаға жеткен",- деп хабарлады Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының өкілі. "Апиын көкнәрі Ауғанстанның 34 ауданының тек алтауында ғана өсірілмейді, ал бұл елдің экономикасы апиынға тәуелді",- деп еске сала кетті Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының Тәжікстандағы өкілі Владимир Сотиров. "Аталмыш ел есірткіге бақылау жасау саласына, әсіресе апиын көкнәрін өсіру мен апиын өндіруді жоюға жасалатын бақылауда айтарлықтай жетістікке жете алмай отыр",- деп атап көрсетті ол.

Ауғанстанда апиын көкнәрінің заңсыз өңделуімен қатар, нашақорлық та өткір проблемаға айналып отыр. Халықаралық комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, бұл елде шамамен 1 млн адам есірткіге тәуелді, соның ішінде 60 мыңы 15 жасқа дейінгі балалар.

2005 жылы Ауғанстанда 5 мың гектар аумақтағы апиын көкнәрін өсіретін егіс алаңы жойылған, ал 2006 жылы бұл 15,3 мың гектарға жеткен. "Дегенмен, - деп атап өтті В. Сотиров,- апиын өсіретін егістіктерді жоюдағы айтарлықтай ілгерілеушіліктерге қарамастан, Ауғанстан үкіметі халықаралық қоғамдастықпен бірлесе отырып есірткіге қарсы шараларды күшейтуі қажет". "Егер Ауғанстан сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешу үшін жедел шаралар қолданбаса, үкіметтің есірткіге бақылау жасау саласында қолданып отырған шаралары нәтижесіз болмақ",- деп мәлімдеді Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының өкілі Владимир Сотиров.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны