02.12.2009, 14:19 3321

Қазақстан ЕҚЫҰ мүше мемлекеттердің саммитінде этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын жасауды ұсынуда

"Біз келесі жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитін өткізу туралы бастама көтердік. Оның күн тәртібіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын енгізу ұсынылған",- деді Қ.Тоқаев.

Астана. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитінде этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын жасауды ұсынуда. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы IX отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Келесі жылдан бастап Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Ал 2011 жылы, біздің еліміз Ислам конференциясы ұйымына жетекшілік ететін болады. Осындай беделді екі ұйымға қатарынан басшылық ету Қазақстанға мұсылман мемлекеттері мен Батыс елдері арасындағы дінаралық, өркениет пен мәдениетаралық диалогты дамытуға өзінің қомақты үлесін қосуға зор мүмкіндік береді. Діндер арасындағы өзара түсіністік мен үйлесімдік күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болмақ",- деді Қ.Тоқаев.

Осы орайда ол 2010 жыл - Қазақстанның бастамасымен БҰҰ тарапынан Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы болып жарияланғанын атап өтті.

"Ел ішіндегі және халықаралық сахнадағы бұл жетістіктеріміз - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың зайырлы, демократиялық мемлекет, азаматтық қоғам және нарықтық экономика құруға, көпұлтты елде бейбітшілік пен ауызбірлікті сақтауға бағытталған парасатты саясатының нәтижесі",- деді сенат төрағасы.

"Біз келесі жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитін өткізу туралы бастама көтердік. Оның күн тәртібіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын енгізу ұсынылған. Бұл идея Ұйымдағы біздің көптеген әріптестеріміздің қолдауын табуда. Осындай ізгі шаралар барысында талданатын көптеген маңызды тақырыптар біздің форум аясында пысықталып жүрген идеялармен де ұштасады. Себебі Съезд шын мәнінде толеранттылық пен өзара түсіністік, диалог пен ынтымақтастық принциптерін нығайтуды көздейді",- деді Қ.Тоқаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны