27.10.2009, 10:17 1563

Қазақстан Халқы ассамблеясы ХV сессиясына қатысушылар халыққа арнап үндеу қабылдады

Қазақстан Халқы ассамблеясы ХV сессиясына қатысушылар халыққа арнап үндеу қабылдады

Астана. 27 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстан Халқы ассамблеясы ХV сессиясына қатысушылар халыққа арнап үндеу қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үндеуде былай делінген: "Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дүниежүзі мойындаған этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің қазақстандық ерекше үлгісі қалыптасты.

Барлық қазақстандықтар, өзінің этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда көрсетілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарға ие болып табылады. Мемлекет әрбір қазақстандық этностың өзіндік ғұрпын, тілі мен мәдениетін жаңғырту және сақтауға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы ассамблеясы мәдениетаралық және этносаралық диалогтың ерекше тетігіне, халықтық дипломатияның, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-әрекетінің нақты құралына айналды.

Аталған бағытта жүргізілген шаралардың арқасында Қазақстанда сенім мен төзімділіктің, ниеттестік және өзара түсіністіктің ерекше үлгісі қалыптасты. Сонымен қатар, қазіргі таңда, бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың әсеріне байланысты Қазақстанның алдында жаңа міндеттер қойылып отыр. Дағдарыс салдарын еңсеру үшін, дағдарыстан кейінгі кезеңде жүйелі, сәтті дамуды жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлік пен ұйымшылдық қажет.

Қазақстан президенті стратегиялық маңызды бастама - Ұлттық бірлік доктринасын қабылдауды ұсынып отыр. Қоғам бірлігін қамтамасыз ету мемлекет қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін сақтаудың, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудағы стратегиялық басымдықтарды жүзеге асырудың басты шарты болып табылады. Бұл біздің болашағымыздың негізі, өрлеу мен тұрақты дамудың басты факторы.

Біз мемлекет басшысының ұсыныстарын толықтай қолдаймыз. Этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін, ғылыми қауымдастық және ел болашағына алаңдаушылық білдіретін барлық азаматтарды Доктринаны талқылау және қабылдау жұмысына қатысуға шақырамыз.

Аталған бағдарламалық құжаттың ережелерін жүзеге асыру этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісін әрі қарай нығайтып, қазақстандық тәжірибені өзге елдерге үлгі ретінде ұсынуға мүмкіндік береді.

Біздің еліміз жоғары халықаралық міндет - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қызу дайындалу үстінде. Еліміздің бұл ұйымға төрағалыққа сайлануы қазақстандық даму үлгісінің халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуына дәлел болып отыр.

Біз, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қүшті және гүлденген Қазақстанды құруға, Қазақстан қоғамын ұйыстыруға бағытталған саясатын толықтай қолдаймыз.

Біз, бірлік пен ұйымшылдықсыз ұлы міндеттер мен жеңістерге жету мүмкін емес деп санаймыз. Міне, сондықтан, ұлттық бірлік - біздің стратегиялық таңдауымыз!

Біз ортақ үйіміз Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімнің сақталуына барлық күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз!",- делінген үндеу мәтінінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны