10.09.2007, 16:32 2905

Қазақстан мен Малайзия арасындағы тікелей әуе рейсі 2010 жылға дейін қайта жанданады - елші

Қазақстан мен Малайзия арасындағы тікелей әуе рейсі 2010 жылға дейін қайта жанданады.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 10 қыркүйек. АЛМАТЫ. Қазақстан мен Малайзия арасындағы тікелей әуе рейсі 2010 жылға дейін қайта жанданады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Малайзияның Қазақстандағы елшісі Тан Тай Хин хабарлады.

"Қазір мен "Эйр Астана" арқылы, немесе, малайзиялық әуе компаниясы арқылы Куала-Лумпурға тікелей қатынайтын әуе рейсін ашу бағытында жұмыс істеп жатырмын. Алайда, "Малайзия әуе желілері" компаниясы қайта құрылуда, сол себепті бар үміт - "Эйр Астанада"... Бұл 2010 жылға дейін жүзеге асады деп сенемін", - деді Тан Тай Хин.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Куала-Лумпур арасында рейс ашуға басты кедергі - ұшақ тапшылығы болмақ. ""Эйр Астананың" президенті Питер Фостер келесі жылы ұшақтар сатып алынғаннан кейін бұл рейстің тізімде бірінші орынға шығатынын айтып уәде берді", - деді ол.

Сонымен бірге, елшінің хабарлауынша, қазіргі таңда "Малайзия әуе желілері" мен "Эйр Астана" Малайзия астанасына Бангкок арқылы әуе рейстерін ашу мүмкіндігін талқылауда. "Бұл жердегі тағы бір проблема - Бангкок арқылы жүзеге асырылатын ұшулардың 3 - 4 ай бұрын иемденіліп қоятындығында", - деп түсіндірді ол.

Тан Тай Хин осы орайда 2003 жылдың аяғы мен 2004-жылдың басында "Эйр Қазақстан" компаниясының Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей рейстерді шығарып тұрғанын, "алайда, өкінішке орай екі айдан кейін компанияда туындаған қиындықтарға байланысты бұл рейстерді жабуға тура келгенін" еске салды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны