23.01.2007, 13:26 3049

Қазақстанда 2007-жылы пилотты жоба ретінде Алматы-Ыстықкөл бағытындағы ақылы жолдың құрылысы басталады

АЛМАТЫ. 23-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстанда 2007-жылы пилотты жоба ретінде Алматы-Ыстықкөл бағытындағы ақылы жолдың құрылысы басталады. Бұл туралы еліміздің көлік және коммуникациялар министрі Серік Ахметов "Мегаполис" газетіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Ақылы автожолдар бірнеше шарт орындалған жағдайда салынады. Бірінші кезекте, сапасы мемлекеттік стандарттардың талабына сай келетін балама түріндегі ақысыз жол болуға тиіс. Ал ақылы жол көліктің жоғары жылдамдықта әрі қауіпсіз қозғалысына жағдай жасай алатындай аса жоғары сапалы болуға және жолды бойлай сапалы қызмет көрсету мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге тиіс",- деді С.Ахметов.

Оның айтуынша, пилотты жоба ретінде Алматы-Ыстықкөл бағытында ұзындығы 88 шақырымдық ақылы жол салу межеленген. "Оның 62 шақырымы еліміздің аумағы арқылы, қалғаны Қырғызстан аумағы арқылы өтеді. Соның арқасында Ыстықкөлге дейінгі қазіргі жол Бішкек арқылы 200 шақырымнан астам қысқарады",- деді ол. "Осы жол арқылы тәулігіне 25 мың автокөлік өтеді деп есептеп отырмыз",- деді министр.

Сонымен бірге С.Ахметовтың айтуынша, бүгінде Қырғызстанның көлік және коммуникациялар министрлігімен келіссөздер жүргізілген. Ондағылар жобаны қолдап отыр. "Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландыруға атсалысуға ықылас білдірген. Жобаға жұмсалған барлық шығындар жолда жиналған алымдардың есебінен өтеледі. Жоба биылдан бастап жүзеге асырыла бастамақшы. Жаңа жол өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны