16.01.2012, 12:43 4180

Қазақстанда 2011 жылы 1650 балабақша мен шағын орталық ашылды

Елбасының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі іске асырып жатқан "Балапан" бағдарламасы барынша көп бүлдіршінді мектепалды білім берумен қамтамасыз ету және балабақшалар санын арттыруды мақсат тұтады. 2011 жылдың қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда балабақшалар мен шағын орталықтар саны 1650 ұйыммен толықты.

Астана. 16-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанда 2011 жылы 1650 балабақша мен шағын орталық ашылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, елбасының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі іске асырып жатқан "Балапан" бағдарламасы барынша көп бүлдіршінді мектепалды білім берумен қамтамасыз ету және балабақшалар санын арттыруды мақсат тұтады. 2011 жылдың қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда балабақшалар мен шағын орталықтар саны 1650 ұйыммен толықты.

"2015 жылға қарай мектепалды тәрбие және біліммен қамтылған балалар үлесі 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады", - деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты халыққа арнаған Жолдауында.

Елбасының тапсырмасын орындау мақсатымен ел Үкіметі республикамыздың барлық аймақтарында мектепалды ұйымдар ашу туралы адымды жоспар әзірлеп, оны жүзеге асырып жатыр. Аталмыш жоспарға сәйкес, 2011 жылдан 2015 жыл аралығында 277,8 мың балаға арналған 2982 мектепалды білім беру ұйымын ашу көзделіп отыр.

"Осы бағдарламаның арқасында балалардың мектепалды біліммен қамтылуы 2010 жылғы 30 пайыздан 2011 жылы 55,6 пайызға артты", - деп мәлім еткен осыдан бұрынырақ ел Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2010 жылмен салыстырғанда 2011 жылы мектепалды білім беру ұйымдарының желісі 1650 ұйыммен толықты. Өткен жылы елімізде 487 балабақша, 1163 шағын орталық ашылған.

Сондай-ақ, осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты да ойдағыдай жұмыс атқарып отырғанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында жекеменшік балабақша саны 152-ге артты. 2012 жылға қарай жекеменшік балабақшалар саны 499-ға жетеді деп жоспарлануда. Бірқатар жекеменшік мектепалды білім беру ұйымдары, атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 49 балабақша, Алматы облысындағы 23 балабақща, Қызылорда облысындағы 18 балабақша мен Алматы қаласындағы 36 балабақша жақында ашылады.

"Балапан" бағдарламасы сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда 26 аталым бойынша әдістемелік материалдар әзірленіп, "Оқулық" Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының сараптамасына жіберілген.

Бүгінде елімізде 8069 мектепалды білім беру ұйымы жұмыс істейді (2748 балабақша мен 5348 шағын орталық), оларда 587 мың бала тәрбиеленуде. 2010 жылы республикамызда 6446 мектепалды білім беру ұйымы жұмыс істеп, 446 мың бала мектепалды біліммен қамтылған еді.

Жалпы алғанда, мектепалды білім беру ұйымдарын дамыту білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен білім беру қызметтерінің сапасын арттырудағы маңызды құрамдастардың бірі болып табылады. 2015 жылға қарай мектепалды білім алу жасындағы балалардың 70 пайызын, 2020 жылға қарай 100 пайызын балабақшамен қамту жоспарлануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны