31.03.2016, 12:55 7004

Қазақстанда жарақаттанушылықтыӊ алдын алу бойынша айлық басталады

Қазақстанда жыл сайын 1 және 30 сәуір аралығында мектеп жасындағы балалар, жасөспірімдер және жастарды жол-көлік және тұрмыстық жарақаттылықтан алдын ала сақтандыру мақсатында айлық өткізіледі. 2016 жылы бұл шара "Қауіпсіз мінез-құлық ережелерін бұзу - денсаулығыӊызға қауіп-қатер төндіреді!" ұранымен өтеді

Астана. 31 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстанда жыл сайын 1 және 30 сәуір аралығында мектеп жасындағы балалар, жасөспірімдер және жастарды жол-көлік және тұрмыстық жарақаттылықтан алдын ала сақтандыру мақсатында айлық өткізіледі. 2016 жылы бұл шара "Қауіпсіз мінез-құлық ережелерін бұзу - денсаулығыӊызға қауіп-қатер төндіреді!" ұранымен өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Айлық барысында жол жүру ережелері туралы білім деӊгейін көтеруге, дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету қағидалары туралы, өзін-өзі сақтау мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған барлық мүдделі тараптардыӊ қатысуымен өткізілетін дөӊгелек столдар, дебаттар, баспасөз конференциялары, семинар-тренингтер сияқты іс-шаралар жоспарлануда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныӊ мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын жарақаттанушылық және өзге де қайғылы жағдайлардыӊ нәтижесінде әлемде 5 млн-ға жуық адам қайтыс болады. Бұл жалпы өлім көрсеткішініӊ 9%-ын құрап отыр.

Жарақаттар (жол-көлік апатынан болатын жарақаттанушылық, суға кетіп қалу, күйіп қалу, улану мен құлап қалу) 5-15 жас аралығындағы балалар арасындағы мүгедектік пен өлімге әкелетін негізгі үш себептіӊ бірі болып табылады. Балалар жарақаттануыныӊ 90 пайызға жуығы байқаусызда орын алған жағдайдыӊ нәтижесінде орын алады.

Қазақстанда 2015 жылдыӊ қорытындысы бойынша қайғылы жағдайлар, улану, мен жарақаттанудан болатын өлім көрсеткіші 100 мыӊ тұрғынға шаққандаа 84,06 болды. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен (87,8) 4,3%-ға төмен.

Жарақаттану жағдайлары, оныӊ ішінде жол-көлік апаттары, суға кетіп қалу, күйіп қалу, құлау мен улану адамныӊ өз денсаулығына, сондай-ақ, өзге адамдардыӊ денсаулығына деген жауапкершілігініӊ жеткіліксіздігінен, өзін-өзі сақтау тәртібі мәдениетініӊ болмауынан, жол жүру ережелері сақтамауы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіптіӊ бұзылуынан болады.

Қазақстанда мүгедектік пен өлім жағдайларыныӊ орын алмауы мақсатында жарақаттану кезіндегі медициналық көмек көрсетудіӊ біріктірілген үлгісі енгізілуде. Ол халықты әлеуметтік қолдау, оӊалту, диспансерлік бақылау, емдеу мен алдын алу кешенді шараларын қамтамасыз етеді.

Еліміздіӊ әрбір өӊірінде медициналық көмек көрсетуді аймақтандыруды жетілдіру мақсатында жол картасы жасалды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны