28.02.2007, 16:02 6545

Қазақстанда жуырда жаңа тұрғын бағдарламасы қабылданады - салалық комитет басшысы

АЛМАТЫ. 28-ақпан. Kazakhstan Today. Қазақстанда жуырда 2008-2010-жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің төрағасы Қайсар Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бағдарламадағы басты ережелер мен негізгі сандар таяуда үкімет басшысының қатысуымен өткен кеңесте жария етілді, енді сол үкімет басшысының тапсырмасымен қажетті қаржы 2008-жылғы бюджетте қарастырылады",- деді Қ.Омаров.

Оның айтуынша, жаңа бағдарламаға арналған қаржы "2007-жылға арналған бюджетке түзету ретінде енгізіледі. Ол бұрынғы бағдарламамен біруақытта алға қойылатын мақсат-міндеттерді шешуге қажет".

Комитет төрағасының айтуынша, "бұрынғы бағдарламада Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне азаматтар салған салымдар іске қосылмай қалған. Өйткені, банк 2003-жылдан бастап жұмыс істеді, ал жинақ мерзімі - 3 жыл. "Осынау жинақ ақшалары тек келесі жылдан бастап қана жұмыс істей бастайтындықтан, ол жаңа бағдарламада ескеріледі",- деді Қ.Омаров.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасына сәйкес, 2008-2010-жылдар аралығында 27 млн шаршы метр тұрғын үй, нақтырақ айтсақ, шамамен 230 мың пәтер пайдалануға беріледі. Жоба авторларының болжамдарына сәйкес, соның нәтижесінде 430 мыңдай қазақстандық отбасы баспана ахуалын жақсарта алады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны