13.07.2012, 15:49 4915

Қазақстанда журналистік этика кодексінің жобасы әзірленеді

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ-пен өзара әрекеттестік жөніндегі кеңес отырысын жақын аралықта өткізбекші.

Астана. 13-шілде. Kazakhstan Today - Қазақстанда журналистік этика кодексінің жобасы әзірленеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ-пен өзара әрекеттестік жөніндегі кеңес отырысын жақын аралықта өткізбекші.

Осы кеңес барысында журналистік этика кодексінің жобасын әзірлеу жөніндегі мәселе қарастырылады. Бұл туралы бүгін Астанада "Қазақстандық заңнаманы сөз бостандығының халықаралық стандарттарына жақындастыру перспективалары" атты жиын барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қальянбеков мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам" атты мақаласында отандық БАҚ саласына қатысты мәселе көтерген болатын. Онда Президент "Отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағдарламаның маңызды бағыты болуы тиіс. БАҚ саласы журналистік этиканың Ұлттық кодексінің нақты үлгілері, сол сияқты тұтынушыны бұрмаланған және шынайы емес ақпараттан қорғайтын заңды нормалар негізінде жұмыс істеуі керек" деген еді. "Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгінгі таңда БАҚ және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастыққа баса назар аударады. Былтырғы жылы Президент жанындағы БАҚ мәселелері жөніндегі кеңес жұмысын тоқтатып, оның орнына министрлік өз жанынан осыған ұқсас құрылым құрған. Қазіргі таңда Елбасының журналистік этика кодексінің жобасы туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Бұған қатысты отырыс алдағы уақытта жүзеге асады", - дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, министрлік жанындағы кеңеске 29 мүше еніп отыр. Олардың арасында "Иділ сөз" қорының жетекшісі Тамара Калеева мен Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны