19.10.2015, 20:45 4090

Киіктерге кінәрат қайдан келді?

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде Бетпақдалада түз жануарыныӊ өлу себептерін анықтау бойынша мәжіліс өтті

Астана. 19 Қазан. Kazakhstan Today - Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде Бетпақдалада түз жануарыныӊ өлу себептерін анықтау бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қынадай қырылған киіктер тақырыбы бүгін қызу талқыға түсті. Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерініӊ өкілдері, экология сақшылары мен шетелдік сарапшылар тайлы-тұяғы қалмай жиылды. О баста мамандар киіктердіӊ сеспей қатуына пастереллез қоздырмасы себеп деп топшылаған. Бірақ бұл тұжырым жоққа шығарылуда. Сәкен Сейфуллин сахараныӊ ботакөзіне балаған ақбөкендердіӊ биыл 100 мыӊнан астамы қырылды. Бұл апат "Қазақстанныӊ экологиялық жұмбағына" айналды. Маусым мен шілде айларыныӊ аралығында неміс және ағылшын сарапшылары Бетпақдалада өз зерттеуін жүргізді. Бүгінгі жиынға олар да келді. Бірақ себебін талдап, салдарын тарқатар тұщымды дүние айтпады, деп хабарлайды 24.kz тілшісі.

Штеффен Цутер, Франкфурт экологиялық қауымдастығыныӊ сарапшысы:

- Осы көктемде киіктердіӊ жүрген жерлерін зерттедік. Ир 30 шақырым сайын өсімдіктер мен топырақтан сынама алынды. Кешенді талдау жасадық. Алдағы уақытта зерттеу қорытындыларын жариялаймыз.

Білім және ғылым министрлігініӊ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты 2012-2014 жылдарға жалпы сомасы 332 млн теӊгені құраған тапсырыс алған. Бірақ оларда ілкімді зерттеу нәтижесін ұсына алмады. Осы уақытқа дейін киіктер популяциясын зерттеу, олардыӊ өсу, көбею және кему заӊдылықтары, жұқпалы аурулардыӊ алдын алу шараларын қабылдау секілді ғылыми жұмыстар жүйелі жүргізілмеген. Бұл мәселеніӊ білікті мамандары негізінен Зоология институтында бола тұра, тендерлерді басқа институттар ұтып алып отырған. Сондықтан қазіргі ғылымныӊ жұмысы киіктердіӊ санын сыртынан санау мен өлгендерін көмуден аса алмай келе жатыр. "Бөлінген қаржы қайда жұмсалды?" деген сұраққа ғылыми-зерттеу институтыныӊ директоры Абылай Сансызбай бұлқан-талқан болып ашуланды.

Осылайша келелі кеӊес керіске айналды. Жиылғандар пікірі екіге жарылды. Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетова бұл тақырып әлі талдауды қажет ететінін алға тартты.

Гүлнәр Сейітмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісініӊ депутаты:

- Біз сіздіӊ бүгінгі айтқан қорытындыӊыздан ештеӊе естіген жоқпыз. 2016 жылы мына жағдайдыӊ қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді. Біз, депутаттар осыған кірісеміз. Осыған дейін де 2 депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Айналып келгенде, мәселе уақытқа келіп қайта тірелді. Шетелдік сарапшылардыӊ зерттеу қорытындысын күту қажет. Бір сарапшылар киіктерді дендеген кесел кенеден деді. Екіншілері тейлериоз деген дерт болуы мүмкін деп болжады. Бірнеше сағатқа созылған басқосуға жиылғандар нақты мәмілеге келе алмай тарқасты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны