13.09.2006, 18:15 2927

Қырғызстан президенті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасын отставкаға жіберіп, оның орнына жаңа адамды тағайындады

БІШКЕК. 13-қыркүйек. Kazakhstan Today. Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Бусурманкул Табалдиевті отставкаға жіберіп, оның орнына Эльмурза Сатыбалдиевті тағайындады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Э.Сатыбалдиев бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болған. Ол кандидатурасын Қырғызстан парламенті бекіткенге дейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының міндетін атқарушы болып істейді.

Президенттің жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Бусурманкул Табалдиев пен оның орынбасары Жаныш Бакиев жұмыстан шеттетілді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы қызметтің басшылығының жұмыстан кету туралы арызына президенттің қол қоюына "Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Өмірбек Текебаевқа қатысты мәселені зерттеу үшін құрылған арнаулы комиссия мен тергеу органдарына қысым көрсетпеу мақсаты түрткі болды".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ө.Текебаев 6-қыркүйекте Польшада есірткі алып өтпек болған жерінен қолға түскен. Кедендік және шекара бақылауынан өтіп жатқан кезде Текебаевтың жүгінің арасынан, пластик тілмемен оралған 595 грамм есірткі табылған. Ол Варшаваның округтік прокурорының қаулысымен 48 сағатқа тергеу абақтысына тоғытылды.

Қырғыз елшілері мен саясаткерлерінің араласуымен ғана Ө.Текебаев абақтыдан босатылып, Бішкекке оралды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны