26.02.2010, 10:07 1462

Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Астана. 26 ақпан. Kazakhstan Today - Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен кеше Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мәжілісте Ұлттық қордың қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеруге бөлінген қаржысын заңды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың жәй-күйі қарастырылды.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының және "Қазагро" Ұлттық холдингінің басшылары Қ.Келімбетов пен А.Мамытбеков қатысты.

Өткен жылы мемлекет ұлттық экономиканы қолдауға теңдессіз шаралар қабылдап, осы мақсатта Ұлттық қор қаржысынан 1 триллион 200 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Мемлекет басшысы "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты өткен жылғы Қазақстан халқына жолдауында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға және осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты, уәкілетті органдар тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары халықтың ипотекалық заемдарын қайта қаржыландыруға, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, экономиканың нақты секторын несиелендіруге бөлінген қор қаржысының жұмсалуының заңдылығын тексеруді аяқтады.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар бюджет қаражатын тиісінше пайдаланудың Үкімет белгілеген шарттарға сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз етті. Айтарлықтай бұзушылықтар және көлеңкелі мәмілелердің жасалу деректері анықталған жоқ.

Құқық қорғау органдары уәкілетті құрылымдармен бірге Елбасының дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты мақсатты және тиімді жұмсау жөніндегі тапсырмасының тиісінше орындалуын қамтамасыз етті.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері мемлекеттік органдардың осы мәселедегі өзара іс-қимыл деңгейіне оң баға берді. Қызметтік міндеттер мен жауапкершілік салаларының айқын межеленуі мен ақпарат алмасу және мониторинг жүргізу механизмінің біркелкі тәртібінің бекітілуі атап айтылды.

Үйлестіру кеңесі осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет деп тапты. Еліміздің Бас прокуроры бизнес-қоғамдастықтары өкілдерімен өзара бірлескен іс-қимылдың және тиісті талаптарға сай келетін адамдардың мемлекеттік қаржылық көмек алуына бөгет жасайтын жәйттерді жоюдың маңыздылығын атап көрсетті. Осыған орай Қайрат Мәми құқық қорғау органдарынан тексеру шараларын ұйымдастыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауды талап етті. Шаруашылық жүргізуші қызметке негізсіз араласып, бизнес өкілдерін өз ісінен алаңдатуға жол берілмеуіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің 2009 жылы жүргізген жұмыстарының есебі де тыңдалды.

Мәжіліс қорытындысында көрсетілген мәселелер бойынша жұмыс тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны