31.05.2007, 15:08 6872

Құқық қорғаушы ұялы байланыс операторымен соттасып, 1 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеп беруді талап етпекші

АЛМАТЫ. 31-мамыр.Kazakhstan Today. Қазақстан тұтынушылар лигасы басқармаларының төрайымы Светлана Савченко "Кар-Тел" ЖШС - ұялы байланыс операторымен соттасып, 1 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеп беруді талап етпекші. Бұл туралы С.Савченко баспасөз мәслихатында журналистерге хабарлады.

"2007-жылдың 29-мамырында сотқа дейінгі наразылық жолдап, 1 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеп беруді талап еттім. Өзім кейінгі 9 жыл бойы K-mobile абоненті болып табыламын. Соңғы үш аптаның ішінде маған адамдардың ұялы байланыс телефонымен хабарласа алмағаны туралы sms-хабарламалар жиі келіп түсетін болды, ал осы уақытта менің телефоным ұдайы іске қосулы тұрды және қолымда болды",- деді С.Савченко.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанның 15 млн тұрғынының 9 млн адамнан астамы ұялы байланыс абоненттері болып табылады. "Елімізде ұялы байланыстың сапасына, ең бастысы бағасына көңілі толатын бір де бір адам жоқ шығар",- деп атап өткен ол, сөйте тұра, "мұндай жағдайдың не себепті қалыптасқанын анықтауға ешкім талпынбайтынын" тілге тиек етті.

Қазақстан тұтынушылар лигасы басқармаларының төрайымының айтуынша, проблеманы шешу үшін зерттеулер жүргізу қажет. "Қазақстанда алғаш рет біз Алматыда 1-маусым мен 1-шілде аралығында ұялы байланыстың сапасына қатысты шұғыл телефонды іске қоспақшымыз. Операторлар тарапынан көрсетіліп отырған байланыс қызметінің сапасына көңілі толмайтын тұтынушыларды шақырамыз",- деп мәлімдеді С.Савченко. Оның айтуынша, "ақпараттар жиналған соң ұялы байланыс қызметінің сапасына қатысты мәселені үкіметтің алдына қоюға болады".

"Осы салада мемлекеттің арнаулы саясатының жоқтығына байланысты іс жүзінде сан алуан тауқыметтер туындап отыр. Кімнің мүддесіне лобби жасалатындығы, қандай себепке байланысты екендігі белгісіз. Сол себепті біз маусым айында осы мәселенің түп-төркініне үңілмекшіміз",- деді С.Савченко.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны