28.10.2009, 18:18 3387

Мәжіліс депутаты елімізде сатылып жатқан шөптік қоспалардың адам денсаулығына әсерін анықтауды сұрайды

Мәжіліс депутаты елімізде сатылып жатқан шөптік қоспалардың адам денсаулығына әсерін анықтауды сұрайды

Астана. 28 қазан. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаты елімізде сатылып жатқан шөптік қоспалардың адам денсаулығына әсерін анықтауды сұрайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов Бас прокурор Қайрат Мәми мен Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке депутаттық сауал жолдады: "Дана халқымыз "Тәні саудың жаны сау" - деп адам денсаулығына үлкен мән берген. Бүгінгі нарықтық замандада адам денсаулығы экономиканың дамуы мен ұлт ырысының жақсаруында үлкен рөл атқарады.

"Осы жылдың 9 қазанынан бастап жаңа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексі қабылданып, соған сәйкес темекі шегу, нашақорлықтың алдын алу мәселесі одан әрі жаңа қырынан дамып келеді. Дегенменде, бүгінде елімізде халық денсаулығына кері әсерін тигізетін "шөптік микстер" сатылуда. Еркін сатылып жатқан өсімдік қоспалары немесе түсінікті тілмен айтсақ, шөптік "микстердің" әсері анашамен бірдей. Құрамында есірткі қатарына жататын заттар болғандықтан, жуырда ғана Ресей шөптік "микстерді" сатуға тыйым салған болатын. Себебі шөптік қоспалардың құрамында табылған заттар марихуана мен анашаның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

Енді Голландияда өндірілетін бұл қоспа солтүстіктегі көршімізді айналып өтіп, Қазақстанға тасымалдануда. Изірге шөптік "микстерге" біздің елде тыйым салынбаған",- дейді депутат.

Оның айтуынша, "бір қарағанда қарапайым шөптік дәрелер іспеттес көрінетін қоспалар, оны қолданған адамды алты сағат бойынша есінен айырады екен. Бұл дегенің кәдімгі қатты әсер етуші психотроптық заттардың күшінен кем емес деген сөз. Марихуана мен анашаның құрамында психатроптық заттар болғандықтан адам оған тез тәуелді болып қалады. Дәл сол сияқты "шөптік микстерге де" адам психологиялық тәуелділікте болады екен. Бұл "шөптік қоспалардың" кері әсерін түсінген көптеген Европа елдері бұл қоспаны пайдалануға тыйым салған.

Жалпы мұнда өсімдік қоспаларының түр-түрі бар. Жастар арасында танымал "микстер" - Спайс пен Джин аталады екен. Бағасы 2,5 мың теңгеден басталады. Бұлар да еркін сатылуда. Керек десеңіз бұл "шөптік микстерді" сатушылардың өзінідік сайты бар. Онда оны сатушылар барлық әрекеттері заңды екенін жазғанымен, оны алушыларға сату мен оны жүзеге асыру өте жасырын, құпия негізде жүргізіледі екен. Осы жерде сұрақ туындайды. Неге ? Қазақта мақал бар "Сезікті бірінші секіреді" деген. Олай болса олардың тірліктері заңды және сатып отырған "шөптік микстерінде" тыйым салынған ештеңе жоқ болса неге жасырынады?",- дейді ол.

Осыған байланысты ол мынадай сауалдар тастайды: "Еуропа мемлекеттері мен көршіміз Ресейдіңде оны таратуға тыйым салуында бір салмақты себебі бар шығар? Сонда салауатты өмір салтын қалыптастырайық деп айтып жүріп, өзіміз жастарымыздың санатын улайтын препараттардың еркін сатылуына жол беріп отырғанымыз ба?"

"Аталған "шөптік қоспаның" есірткілік препарат екені ресми дәлелденбегендіктен, Сізден шұғыл түрде осы заттың қоспасына ғылыми зерттеу жүргізіп, ресми қорытынды беруіңізді сұраймын. Егер оның құрамында адам денсаулығына зиянды қоспа болса, кең қолданылудың алдын алу мақсатында, оның адам денсаулығына әсерін анықтап, "шөптік қоспаның" өзін тыйым салынған дәрілік заттардың тізіміне енгізу қажет",- делінген депутаттық сауалда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны