28.07.2006, 17:05 8926

ОҚО денсаулық сақтау департаментінің бастығына сөгіс жарияланып, орынбасары қызметтен босатылды

ШЫМКЕНТ. 28 шілде. Кazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің бастығы балалар арасында ВИЧ инфекциясының таралуына байланысты жазаға тартылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

ОҚО әкімі Болат Жылқышиев, әкімшілікте денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты өткен мәжіліс барысында "облыстағы медициналық мекемелерде санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуына тиісті қадағалау жүргізілмегендігі үшін облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Нағима Жолдасованы қызметтен босатып, департамент директорі Нұрсұлу Тасмағамбетоваға қатаң сөгіс жариялансын", - деген шешімін жария етті.

Осыған дейін айтылғандай, облыстық СПИД-ке қарсы орталығының, облыстық қан орталығының және облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерлері қызметтерінен босатылды. Бірқатар медицина мекемелерінің басшылары тәртіптік жазаға тартылды. Мәжіліс барысында ВИЧ инфекциясына қарсы атқарылып жатқан амалдар тұрғысында сөз болды.

Н. Тасмағамбетованың айтуынша, облыс бойынша жүкті әйелдерді (25 мыңға жуық) тексеру науқаны басталды. Кесел жұқтырған бүлдіршіндермен бір ауруханада емделген балалардың тізімі жасалған, жалпы саны 20 мың. Олардың ата-аналарына балаларын ВИЧ инфекциясына тексеру ұсынылады. Оған қоса, облыс басшылығы 2,5 мың дәрігердің тексерілуін талап етуде.

Отырыс барысында, диагнозы расталған алты баланың төртеуі ВИЧ-ке қарсы тиісті ем қабылдап жатқаны айтылды. Тағы екі сәби туберкулезге қарсы диспансерге орналастырылыпты, олар туберкулезге шалдыққан.

Облыс әкімінің бұйрығы бойынша, департамент облыстағы барлық медицина мекемелеріндегі санитарлық эпидемиологиялық шаралардың сақталуын тексеретін болады. Сондай-ақ, облыста медицина мекемелерінің бір реттік құралдармен, залалсыздандыратын заттармен және өзге де тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілу барысын тексеретін арнайы жұмысшы тобы әрекет етеді.

21 наурыздан 16 шілде аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында үш жасқа дейінгі аралықтағы 15 баланың ВИЧ инфекциясына алғашқы реакциясы оң болып шықты. Ақтық диагноз алты балада расталса, тоғыз баланың диагнозына қайтадан анализ жасалуда.

Бүлдіршіндердің қатерлі дертке шалдығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны