13.09.2006, 17:22 3212

Омбудсмен еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне сын айтты

СЕМЕЙ. 13-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін Семейдегі бірқатар әлеуметтік нысандарда болған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне сын айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мен Семей өңірі бойынша еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне айтар сыным бар",- деді жүйке жүйесі мен неврологиялық ауруларға арналған интернаттағы ахуалмен танысқан омбудсмен. "400-ден астам науқасқа 4 дәрігердің қызмет көрсетуі барып тұрған сорақылық. Бұл жерде невропатолог, фтизиатр гинеколог секілді кәсіби дәрігерлер жоқ",- деді ол.

Сонымен бірге құқық қорғаушы психикалық және құрт ауруы секілді қатерлі дертке қатар шалдыққандардың басқа науқастармен бірге орналастырылу жайына көңілі толмайтынын білдірді. "Бұл жерде қаржы тапшылығы бірден байқалады. Жаңа ғимарат қажет. Палаталардың жағдайы сын көтермейді, дәрігерлер санын көбейту керек",- деді Б.Байқадамов.

Қарттар мен мүгедектер үйінде болған сапарында ол жүріп-тұрудан қалған науқастарға арналған арнайы дәретханалардың жоқтығына назар аударып, мекеме басшылығына науқастрдың зейнетақылары мен жәрдемақыларының толық төленуге тиіс екенін ескертті. "Бірқатар қарттар мен мүгедектер үйінде бұл жандардың жағдайын пайдаланып қаржының бір бөлігін түрлі қорларға ұстап қалады екен. Науқастар келісімін берген деген уәж айтылады, бірақ, шын мәнінде мүлдем олай емес екені айдан анық. Мұндай заңсыздыққа жол беруге болмайды",- деді омбудсмен.

"Мұндай мекемелердегі науқастар денсаулық ахуалына, түрлі жағдаяттар мен психикалық ахуалына байланысты өз құқықтарын қорғай алмайды. Сол себепті мемлекет бұған баса назар аударуға тиіс",- деп мәлімдеді Б.Байқадамов.

Семейде адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтармен де кездесіп, бірқатар жазбаша шағымдарды қабылдады. Б.Байқадамовтың айтуынша, шағымдардың басым бөлігі сот шешімдерінің орындалмауына, экологиялық жәрдемақыларға және зейнетақы көлемін қайта есептеуге қатысты болды. "Біз оларға талдау жасап, шағымдардың негізділігін тексеру үшін министрліктер мен мекемелерге сұрау саламыз. Адамдарға көмектесу үшін бар күшімізді саламыз",- деді омбудсмен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны