02.03.2007, 17:47 3290

Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша тек бір ғана айыпталушы өз кінәсін мойындады

ШЫМКЕНТ. 2-наурыз. Kazakhstan Today. Шымкентте балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында 21 айыпталушының бірі - Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас бухгалтері Бақытгүл Серданова өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Тергеу материалдарына сәйкес, Б. Сердановаға 11 млн 987 мың теңгені жымқырды деген айып тағылған. Айыпталушы бас дәрігермен және де кассир әйелмен бірлесіп ақша жымқыру кінәсін мойындап отыр, бірақ тергеу анықтаған сомамен келіспейді. Сонымен қатар, айыпталушы қанша ақша жымқырғандығын және де ол қаржыны кімдермен бөліскендігін нақтылып айтқан жоқ.

Б. Серданованың сөздеріне сүйенсек, тергеу барысында бұл ақшаның барлығын өзім алдым деп барлық кінәні өз мойнына алған болатын, себебі оған, атап айтқанда бас дәрігер Тәжмұқан Тойбеков жақтан қысым көрсетілген. "Ол маған ұйымдасқан қылмыстық топ болмауы үшін кінәнің бәрін өз мойныма алуымды, ал өзі маған көмектесетіндігін айтты. Енді мен өзімнің дұрыс істемегендігімді түсіндім",- деді бұрынғы бас бухгалтер. "Мен өзімнің кінәлі екендігімді мойындаймын, бірақ бухгалтерия мен балаларға ВИЧ індетін жұқтыру - бұл мүлдем бөлек мәселелер ғой",- деп қосты ол.

Бұрын аурухананың бас дәрігері Т. Тойбеков өзінің ақша жымқыруға қатысы бар екендігін мойындамаған болатын. "Менің бухгалтериядан хабарым жоқ және де барлығын бухгалтерге сеніп тапсырғам. Мен олар банкке барар кезде оның өтініші бойынша толтырылмаған банк чектеріне қол қойғам",- деген болатын ол жауап алу барысында.

Кеше жауап алынған аурухананың кассирі Роза Қаукешева, бас бухгалтердің қысымы бойынша ақшаны бес рет чекпен алғандығын, оның жалпы сомасы 5 млн теңгені құрайтындығын мәлімдеген болатын. "Бухгалтердің заңсыз әрекетін көре тұрып, бас дәрігерге айтпақ болғам, бірақ бухгалтер бас дәрігер бәрін біледі деген болатын",- деп мәлімдеді Р. Қаукешова.

Қазіргі уақытта, Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індеті 93 бала мен 13 анадан анықталған. Айыптау материалдарына сәйкес, 64 бөбек пен бес ана ВИЧ індетін облыстық балалар ауруханасында жұқтырған.

Бұрын хабарлағанымыздай, Шымкентте 19-қаңтардан бері балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты іс бойынша сот процессі жүруде. Айыпталушылардың саны 21, олардың 18 медицина қызметкерлері.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны