18.02.2008, 12:48 2574

Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдарияның жағалауындағы су астында қалу қаупі бар аймақтардан тұрғындар көшіріліп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдарияның жағалауындағы су астында қалу қаупі бар аймақтардан тұрғындар көшіріліп жатыр

Шымкент. 18 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдарияның жағалауындағы су астында қалу қаупі бар аймақтардан тұрғындар көшіріліп жатыр, деп хабарлайды агенттік тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі жағдаймен Сүткент ауылынан үш отбасы, Қызылшаруа ауылынан бес отбасы , Ақкөл ауылынан 20 отбасы, Мирный ауылынан 9 отбасы көшірілген. Барлығы 207 адам көшіріліп, мал құмға қарай айдалды. Қазір көшіру шаралары бекітілген кестеге сәйкес жалғасын табуда, көшіру шаралары 19 ақпанда аяқталады", -делінген хабарламада.

Көшіру туралы шешім 16 ақпанда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның Отырар, Шардара аудандары, Арыс және Түркістан қалаларының басшылығының қатысуымен өткен кеңесте қабылданған.

Отырыста қазіргі уақытта су деңгейімен бір биіктікте орналасқан елдімекендердің тұрғындарын көшіруге шешім қабылданды.

17 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы Балтакөл ауылдық округінде жұмыс істеді. Ақкөл ауылында көшіру шаралары басталды. Балтакөл ауылының жекелеген тұрғындары Түркістанға өз бетімен көше бастады.

Ақкөл ауылында мектеп пен халықтың мүлкін Балтакөл ауылдық мектебіне ұйымдасқан күшпен көшіру шаралары қолға алынды. Мүлік екінші қабатқа орналастырылып, полицияның күзетіне беріледі.

Мектеп оқушылары Шәуілдір ауылындағы мектеп-интернатқа жіберілуде. Ал тұрғындар туыстарына таратылып, Түркістан мен Шәуілдірде орналастырылуда.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, болжам бойынша биыл Сырдарияда су тасқыны болған жағдайда Оңтүстік Қазақстан облысында 10 мың гектар аумақ су астында қалуы мүмкін. Барлығы 15 516 адам тұратын 20 елдімекенге су ішінде қалу қаупі төніп тұр. Соның ішінде қажетті жағдайда 9 407 адамды көшіру керек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны