27.06.2006, 16:10 2957

Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы шекаралық ауыл тұрғындарының әлеуметтік тауқыметтерін шешуге бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті

ШЫМКЕНТ. 27-маусым. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы мемлекеттік шекара сызығын белгілеу шарасынан кейін Өзбекстанның коммуналдық қызметтеріне тәуелді болып қалған Сарыағаш ауданындағы шекаралық алты ауыл тұрғындарының әлеуметтік тауқыметтерін шешуге бағытталған шұғыл іс-шаралардың жоспарын бекітті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жоспарды облыстық мобилизациялық жұмыстар, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар департаменті Сарыағаш аудандық әкімшілігімен бірлесе дайындады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі Болат Жылқышиев жауапты адамдарға ауылдарды электр қуаты, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын бастауға арналған жобалық құжаттарды тездете дайындауға тапсырма берді. Алдын-ала бағалауға сәйкес, осындай барлық шараларға түрлі көздерден 1 млрд. 320 млн. теңгеден кем емес қаражат жұмсалады деп күтілуде.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, облыс әкімі осы мәселе бойынша айына екі мәрте кеңес өткізіп тұруға шешім шығарды. Жоспарды жүзеге асыруға қатысты жауапкершілік Сарыағаш ауданының әкімі Жамбыл Байғонов пен облыстық мобилизациялық жұмыстар, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Шәймерден Сатымбековке жүктелді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұған дейін электр қуаты мен ауыз суды Өзбекстаннан алып келген шекаралық елдімекендердің тұрғындары екі айдан бері олардан қағылып отыр. Сонымен бірге кейбір ауылдардың балалары шекарадан заңсыз өтіп, өзбек мектебіне баруға мәжбүр.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны