18.02.2021, 18:16 11685

Орталық Азия мемлекеттерінің және Ресейдің Денсаулық сақтау министрлері COVID-19-ға қатысты қазіргі жағдайды талқылады

Пандемия халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың және бірігіп әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Нұр-Сұлтан. 18 ақпан. Kazakhstan Today - Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлерінің COVID-19-ға қатысты қазіргі жағдайға арналған онлайн-брифингіне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесуге ДДСҰ Еуропалық бюросының өңірлік директоры доктор Ханс Клюге қатысты.
 
Денсаулық сақтау министрлері COVID-19-ға қарсы шараларды және адамзаттың бір жылдық пандемиядан алған сабағын талқылады.
 

Пандемия халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың және бірігіп әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ДДСҰ-ға және COVID-19-ға қарсы күресте гуманитарлық және консультациялық көмек көрсеткен мемлекеттерге алғыс білдіреміз. Бұл біздің елдеріміз бен ұйымдар арасындағы әріптестік қарым-қатынасты, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігердегі ынтымақтастықты тағы да айғақтайды", - деді А.Цой.

 
Пандемия жарияланған сәттен бастап Қазақстан Республикасы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды әзірлеуге барлық күш-жігерін жұмсады. Еліміз COVID-19 эпидемиологиялық жағдайына байланысты аймақтардағы шектеулерді күшейту немесе жеңілдетуге қатысты сұрақтарға уақтылы жауап беруді үйренді.
 
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың тестілеуге қолжетімділігін қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, байланыста болған адамдарға мониторинг жүргізу жұмыстарын ұйымдастырды. Бұдан басқа, ақпараттық технологиялар енгізілді, халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жандандырылды, тәулік бойы режимде call-орталықтың қызметі ұйымдастырылды, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде бақылау жалғасуда. Қысқа мерзімде Қазақстан Республикасында 16 инфекциялық аурухана салынды, 100-ден астам жылжымалы медициналық кешен сатып алынды, ауылдағы денсаулық сақтауға көңіл бөлінді.
 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске заңнамалық деңгейде Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі нормалар енгізілді, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді орындау міндетті. Үкімет деңгейінде Қазақстанда коронавирустың таралуын тоқтату жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды және КВИ таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар қабылданды. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан коронавирус инфекциясына шалдыққандарды болжау және қажетті шаралар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Коронавирус инфекциясының таралуының ағымдағы жай-күйі негізінде эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы әзірленді, оның көмегімен шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету бойынша шешімдер қабылданады.

 
2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында халықтың тиісті топтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басталды. Вакцинация кезең-кезеңімен жүргізіледі.
 

15 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген "Спутник V" вакцинасы ресми тіркеуге алынды. Сондай-ақ, QAZCOVID-IN отандық инактивтендірілген вакцинасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. QazCovid-in вакцинасын Сovid-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері бойынша жақсы төзімділік пен қауіпсіздік байқалды. Бірінші және екінші кезеңдердің аралық нәтижелері 96 пайыздық тиімділігін көрсетті. Қазір үшінші кезеңнің клиникалық сынақтары жүргізілуде. Зерттеуге 3 мың адам қатысады", - деді А.Цой.

 
Денсаулық сақтау министрі әлемдегі денсаулық сақтау жүйелері COVID-19 кезеңінде және одан кейін үлкен сабақ алғанын айтты. Ол Ресей Үкіметіне Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін ұйымдастыруға қолдау көрсеткені және көмектескені үшін алғысын білдіріп, елдер арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны