07.03.2007, 16:46 3660

Семейде түрмеден қашқан екі сотталған адам құрықталды

СЕМЕЙ. 7-наурыз. Kazakhstan Today. Семей аймағында қашқан екі сотталған адам құрықталды. Бұл туралы журналистерге Семей аймағы бойынша түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі арнайы прокурор Айтмағамбет Серғазин хабарлады.

Оның ақпараттарына сүйенсек, сотталған екі адам 2007 жылдың 3-нен 4-ші наурызына қараған түні УЛ-154/4 түзету мекемесінен қашқан (Семей аймағының Приречный ауылындағы түрме).

Сонымен қатар, түрме басшылары болған оқиға туралы арнайы прокурорға хабар бермеген. Кейінірек түрме бастығы түсіндіргендей, түзету мекемесінің әкімшілігі қашқындарды өз күшімен таппақ болып үміттенген, дегенмен іздеу жұмыстары нәтижесіз болып шыққан. "Дейтұрғанмен қашу дерегі туралы хабарланбаған",- деді А. Серғазин.

Прократурадағылар сотталғандардың қашқаны туралы ақпаратты тек қашқындар қылмыс істеді деген күдікпен ұсталғаннан кейін ғана білген. Прокурордың ақпараттарына сүйенсек, қашқындар 5-наурызда Бородулиха ауданының Жерновка ауылында қарақшылық шабуыл жасаған. Олар бір тұрғынның үйіне басып кіріп, үй иесі - әйелді байлап, екі аңшы мылтығын, оқтарды, ұялы телефондар мен тонды иемденіп алған. "Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлер қаскүнемдерді осы күні құрықтаған. Дәл осы жерде ұсталғандардың түрмеден қашқандар екендігі белгілі болған. Біз қашу дерегі туралы түрме басшыларынан емес, дәл осылай естіп білдік",- деді А. Серғазин.

Қазіргі уақытта құрықталған екі азамат уақытша тергеу абақтысына қамалды. Бұлар қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасағаны үшін 6 жылға сотталған Өскеменде туып-өскен 22 жастағы жігіт пен Жаңғыз Төбе ауылының бірнеше рет сотталған, соңғы рет ұрлық жасағаны үшін 3,5 жылға сотталған 28 жастағы тұрғыны. Сотталған мерзімдерінің үштен бірін өтеген олар қамауда тәртіп бұзбағаны үшін 2007 жылдың ақпанында түрме-мекенге ауыстырылған.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. А. Серғазин, сондай-ақ, арнайы прокуратура Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесінің басқармасына УЛ-154/4 түзету мекемесінің басшылығын жауапқа тарту туралы нұсқама жолдағандығын хабарлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны