12.02.2007, 15:58 2987

Шардара су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі 20 процентке азайтылды, Қызылорда облысындағы ахуал күрделі күйінде қалып отыр

ШЫМКЕНТ.ҚЫЗЫЛОРДА. 12-ақпан. Kazakhstan Today. Шардара су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі 20 процентке азайтылды, алайда Қызылорда облысындағы ахуал күрделі күйінде қалып отыр, деп хабарлайды агенттік тілшілері республиканың оңтүстік өңірлерінен.

Мәселен, "Югводхоз" РМК су пайдалану бөлімінің бастығы Бахтияр Темірбаевтың Kazakhstan Today агенттігіне хабарлауынша, 11-ақпаннан бері Шардара су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі секундына 500 текше метрден 400-ге дейін азайтылды. "Қазір біз секундына 205 текше метр суды Арнасай ойпатына жіберіп жатырмыз. Су Өзбекстан жағымен келісім бойынша жіберілуде",- деді ол.

Бөлім бастығының мәліметтерінше, қазіргі жағдаймен Шардара су қоймасына секундына 832 текше мерт су келіп жатыр, су көлемі 3 млрд 451 млн текше метрге тең (Шардара су қоймасының жобалық қуаты 5,4 млрд текше метрді құрайды). Б.Темірбаевтың айтуынша, бұл өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 200 млн текше метрге кем.

Ал Қызылорда облысында әзірге су тасқынына қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Қызылорда облыстық әкімшілігінің жанындағы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары Илия Ыбыраеваның Kazakhstan Today тілшісіне хабарлауынша, су тасқыны аймағында 93 гектар жерде 1018 жер учаскесі су астында қалып отыр.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы құрылған орталықтан 700 адам көмек сұраған. Зардап шеккен отбасылар әзірге аграрлық, педагогикалық, музыкалық және медициналық колледждердің жатақханаларына орналастырылды. Сонымен бірге, А.Ыбыраеваның айтуынша, №101 мектеп пен орталық стадионның базасында қосалқы орындар жабдықталды.

"Адамдарды тегін тамақтандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Уақытша медициналық бөлімдер құрылды. Алты психолог, төрт терапевт және осынша педиатр, сондай-ақ әйелдердің дәрігерлері тартылды",- деп хабарлайды департамент.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен аптаның аяғынан бастап Қызылорда облысында сең жүру салдарынан Сырдарияда екі мәрте бөгет бұзылды. Бірнеше жүздеген мың саяжайлар су ішінде қалды. Төтенше оқиға орнынан жалпы алғанда 1500 адам көшірілді. Зілзала зардаптарын жоюға ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің апаттан құтқару қызметінің 2000 адамы, 300 техникасы, "АН-30" ұшағы мен "МИ-171" тікұшағы жұмылдырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны