17.04.2007, 16:41 3203

Шымкентте жер телімдерін сатуға аукциондар өткізу барысындағы заң бұзушылықтар анықталды

ШЫМКЕНТ. 17-сәуір. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Шымкентте жер телімдерін сатуға аукциондар өткізу барысындағы заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне облыстық прокуратураның жалпы бақылау басқармасының бастығы Марат Сматов хабарлады.

"Аукциондарды ұйымдастырушылар белгісіз себептермен заңнамадағы аукциондарда сатып алынған жер телімдері үшін төлем жасау тәртіптері туралы талаптарды елемейді",- деді М.Сматов. Оның түсініктемесіне сәйкес, жер телімдерін немесе жалға алу құқығына қатысты сауда-саттықтар, байқаулар мен аукциондарды өткізу жөніндегі ҚР үкіметі 2003-жылғы 13-қарашада бекіткен ережелерге сәйкес жеңімпаз жақ төлемнің 50 процентін аукционнан кейінгі бес күн ішінде, ал қалған бөлігін - бір айдың ішінде төлеуге тиіс.

"Келісім-шартына қол қойған 22 қатысушы төленуге тиіс қаржының тіпті тең жартысында өтемеген. Ал ұйымдастырушылар болса, бұл өрескелдікке көзжұмбайлықпен қараған",- деді М.Сматов. Оның айтуынша, осының салдарынан қалалық бюджетке 13,8 млн теңге түспей қалды. Сонымен бірге аукциондардың кейбір жеңімпаздары, прокурордың айтуынша, бір жылдан бері борышкерлер санатында жүр. "Оларға тіпті төлем жасалмаған әрбір күнге айыппұл да салынбаған",- деді М.Сматов.

Басқарма бастығының хабарлауынша, облыстық прокуратура Шымкент әкіміне анықталған заң бұзушылық деректерін жою жөнінде таныстыру жолдады. "Атқарушы билік жер телімдерін сату және жалға беру жөніндегі барлық келісім-шарттарына ревизия жүргізіп, берешегі барлармен жасалған келісім-шарттарын бұзуға, берешекті өтетуге немесе жерді тартып алуға тиіс",- деді М.Сматов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны