16.01.2007, 11:27 3086

Табиғат қорғау прокуратурасы Қарағанды хайуанаттар бағының аумағын азайту бағытында жалған құжат жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады

ҚАРАҒАНДЫ. 16-қаңтар. Kazakhstan Today. Қарағанды қалалық табиғат қорғау прокуратурасы облыс орталығындағы хайуанаттар бағының аумағын азайту бағытында жалған құжат жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Қарағанды қалалық табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Мұрат Күдеринов хабарлады.

Оның ақпаратына сәйкес, 2000-жылдың 28-қарашасында қалалық әкімшіліктің шешімімен (ол кезде Қарағанды әкімі - Корней Изаак болған) Қарағанды қалалық мемлекеттік хайуанаттар бағының иелігіне тұрақты пайдалануға қаланың Советская ауданынан 43,5 гектар бөлінбейтін жер телімі берілген.

Алайда артынан прокуратура қала әкімінің дәл осы күнгі және осындай номері бар тағы бір шешімін тапты. Оған сәйкес, Қарағанды қалалық мемлекеттік хайуанаттар бағына тұрақты пайдалануға аумағы 34,8 гектар жер берілген. Ол бұрынғыдан 8,6 гектарға аз.

"Тұрақты пайдалануға 34,8 гектар аумағы бар жер беру жөніндегі әкімнің бұл шешімі 2004-жылдың қыркүйек айында шығарылған қатаң есептегі бланкте басылған",- дейді прокурордың орынбасары.

Осы тұста Қарағанды әкімі - Юрий Литвинов болған. Ол 2006-жылдың наурыз айында қызметтен босатылды.

М.Күдериновтың айтуынша, 2006-жылдың 12-қазанында Қарағанды облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен Қарағанды әкімінің "Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағы" мемлекеттік басқармасына тұрақты пайдалану құқығымен аумағы 34,8 гектарлық жер беру жөніндегі шешімі заңсыз деп танылды. Осыдан кейін Қарағанды қалалық табиғат қорғау прокуратурасы тағы бір тексеру жүргізіп, 2007-жылдың 12-қаңтарында қолдан жалған құжат жасау дерегі бойынша қылмыстық іс (ҚР Қылмыстық кодексінің 325-бабы, 1-тармағы) қозғады.

Еске сала кетейік, бұрынғы әкім Ю.Литвиновтың үстінен 2006-жылы билігін асыра пайдалану, қызмет бабын пайдаланып жалған құжат жасау және әрекетсіздік деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Мәселен, прокуратура мәліметтеріне сәйкес, Ю.Литвинов өзі әкім болып тұрған тұста Орталық саябақтың аумағын бұрын саябақ аумағынан заңсыз бөлінген жер телімдерін ескеру негізінде азайту туралы қаулы шығарған.

Сонымен бірге Ю.Литвинов 1993-жылы сәулет өнерінің ескерткіші деп танылған жазғы театр ғимараты тұрған жер телімін 5,5 млн. теңгеге жеке меншікке сатып жіберген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны