08.05.2007, 16:21 3335

Табиғат қорғау прокуратурасы Каспий итбалықтарының қырылу дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғады

АҚТАУ. 8 - мамыр. Kazakhstan Today. Табиғатты қорғау жөніндегі прокуратура Каспий итбалықтарының қырылу дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне ақтаулық табиғатты қорғау прокурорының аға көмекшісі Ораз Ибдіраманов.

"17-сәуірде табиғатты қорғау прокуратурасы итбалықтардың қырылуына қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 289-бабы бойынша (жануарлар мен мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз іс-әрекет) қылмыстық қозғады",- деп хабарлады О. Ибдіраманов.

"Қазір іс облыстық ішкі істер департаментінде тергеу сатысында",- деп қосты ол.

Үстіміздегі жылы өлі итбалықтар наурыздан бастап Қаламқас және Қаражанбас кеніштерінің арасынан, "Қаламқас" су бөгетінің аумағынан табылуда. Бүгінгі күнге дейінгі өлі итбалықтардың саны 891 жеткен, олардың көбісі - төлдері.

Алдын-ала жүргізілген зерттеулер жануарлардың өлігінен пастереллез бен етқоректілердің оба қоздырғышын тапқан.

Қазіргі уақытта тірі итбалықтарды бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қажымұрат Хайрушевтің хабарлауынша, итбалықтардың өліктері табылған жерге жақын Теңіз және Құлалы аралдарына тексеру жүргізілген. "Айтарлықтай ауытқушылықтар анықталмады. Онда тірі итбалықтар болған жоқ, себебі олар Комсомольский шығанағында судың таяз бөлігінде",- деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

Бүгін құрамына прокуратураның, "Agip KCO" компаниясының, Маңғыстау және Атырау облыстарының балықтарды қорғау инспекциясының өкілдері кірген топ Комсомольский шығанағындағы итбалықтардың жүрген жері мен олардың жағдайларын анықтау үшін осы аралға бет алды.

Сондай-ақ, Қажымұрат Хайрушев қырылған итбалықтарды зерттеудің әлі де жалғасатындағын хабарлады. "Қажет болған жағдайда итбалықтардың қырылуының шынайы себебін анықтау үшін немесе анықталған себептерді растау үшін сәйкес зертханасы бар қандай да бір бейтарап мемлекетті тартамыз",- деп қосты ол.

ХХ ғасырдың басында Каспий итбалықтарының жалпы саны 1 млн-ға жуық болатын. 1989 жылы әуеден түсірілген суреттер жануарлардың саны 400 мыңға дейін қысқарғандығын көрсеткен. 2005 - 2006 жылдары түсірілген соңғы суреттер Каспий теңізінде небәрі 111 мыңға жуық қана итбалықтадың бар екендігін көрсеткен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны