25.02.2008, 18:13 3011

Зардап шеккен халықтың тұрғын үйлерін қалпына келтіруге шамамен 10 млрд теңге қажет - ОҚО әкімі

Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен халықтың тұрғын үйлерін қалпына келтіруге шамамен 10 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Ишімов хабарлады.

Шымкент. 25-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Алдын ала жүргізілген есептеулер бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен халықтың тұрғын үйлерін қалпына келтіруге шамамен 10 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Ишімов хабарлады.

Н. Ишімов облыста қазір қолда бар ақша 700 млн теңге көлемінде екенін жеткізді.

"Премьер-министр Кәрім Мәсімов бізге 500 млн теңге бөлу жөніндегі уәдесінде тұрды. Оның өзі бізге жетпей жатып ақша келіп қойды", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Н. Ишімовтың ақпаратына сүйенсек, облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Сонымен бірге, барлық аудандардың резервтік қорлары бар. "Сарыағаш ауданында - 30 млн теңге, Түркістанда 12 млн, т.с.с. бұл қорлар игеріле сала біз сессияда өзгерістер енгізіп, аудандардың резервтік қорларын толықтырамыз", - деп түсіндірді Н. Ишімов.

"Белгілі мөлшердегі қаражатқа зардап шеккендерге консерв, май, ұн, нан сатып алынды. Ақша аудандардың қажеттіліктеріне сай норма бойынша жұмсалып жатыр. Тамақ, киім-кешек, жанар-жағармай, күнделікті қажетті заттар, шатырлар алуға, менің ойымша, миллиардтай теңге жұмсалады", - деп хабарлады облыс әкімі.

Алайда, ең жоғарғы сома су басқан үйлерді қалпына келтіруге жұмсалмақ.

"Біздің есептеулеріміз бойынша, шамамен 10 миллиардтай теңге керек. Бірақ, бұл есептеулер қорытынды емес. Инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстарды облыс бюджеті өз мойнына алады. Қираған және зақымдалған үйлерді біз толығымен қалпына келтіреміз. Үйлер негізінен су басқанға дейін тұрған жерлеріне салынады. Құрылыс департаменті бір тектес үйлердің үш жобасын ұсынды. Жақын арада оларды мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет. Мұндай үйдің аумағы 80-120 шаршы метр. Құны мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, шаршы метріне 450 доллардан қымбат болмауы керек. Үйлердің іргетасы, сейсмикалық белдігі, темір шатыры және жылу жүйесі болуы қажет", - деп хабарлады тілшілерге Н. Ишімов.

"Құрылысқа қажет қаражатты біз үкіметтен сұрамақшымыз", - деп толықтырды ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, қазіргі уақытқа дейін облыс бойынша 48 елдімекен мен 15 ауылдық округты су басқан. 2345 үй су астында қалған. Оның 259-ы өмір сүруге жарамсыз деп танылды. Сегіз мектеп пен бір мешіт те зардап шеккен, 5 көпір қирап, 333 бас мал шығын болған. Жамбыл ауылдық округының Майда Бозай елді мекенінің 22-жастағы тұрғыны қаза тапқан.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны