19.12.2008, 16:32 2991

"Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы өз атына айтылған айыптауларды негізсіз деп санайды

"Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы өз атына айтылған айыптауларды негізсіз деп санайды

Астана. 19 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" -"Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы өз атына айтылған айыптауларды негізсіз деп санайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі бүгін мәлімдеме таратты.

Төменде осы мәлімдемені ешбір өзгеріссіз келтіріп отырмыз:

"Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы қызметтен босаған жандардың ақпарат құралдары арқылы ашық қарсы шығуы - темір жолмен жолаушыларды тасымалдау жұмысын реформалауға кедергі келтіріп қана қоймай, оның атқарып жатқан жұмысы туралы жағымсыз пікір қалыптастыру болып табылатындығын мәлімдейді. "Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы өз атына айтылған қаржылық шашпашылыққа жол беру секілді дәйексіз, жалған жалалар жапқандығы үшін өзінің абырой-беделін қорғау мақсатында сот орындарына шағымдану құқығын пайдалануды жөн көреді.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығы жүргізіп отырған өзгерістер өзінің оң нәтижелерін бере бастады. Бұл туралы БАҚ-ында да аз айтылып жатқан жоқ. Дейтұрғанмен, саладағы қайта құру барлық қызметкерлердің ойынан бірдей шығып отырған жоқ. Жаңа бастамалар кей қызметкерлердің сыни көзқарасына ұшырап, оның өндіріске енгізілуі қиындық туғызып отыр.

Оның сыртында, кейбір жандар қазіргі жағдайды пайдаланып, саяси ұпай жинау мақсатында өздерінің "арам" PR акцияларын жүргізіп отыр. Ол мақсатында темір жол кәсібінің символы саналатын "Құрметті теміржолшы" белгісін де жымысқы әрекетіне тәрк етуде. Бұл марапат - өткен ғасырдың аштық жылдарында, дәлірек айтқанда, 1934 жылы мамырдың 17-сінде белгіленіп, "Құрметті теміржолшы" кеуде белгісі деп аталды.

Арадағы 74 жылда бұл марапаттың дәрежесі бұрынғыдан да еселеп өсті. "Құрметті теміржолшы" атағы, темір жол көлігін дамытудағы, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, жолаушылар өміріне қатысты, жүктерді сақтау мәселелері бойынша сүбелі үлес қосқан, салаға айрықша еңбек сіңірген жандарға ғана беріледі.

"Құрметті теміржолшы" атағы саладағы ең жоғарғы белгі болып танылды. Мұның қандай еңбекпен, қажыр- қайратпен келетіндігін әрбір нағыз теміржолшы айқын сезінеді.

Сондықтан да бұл марапатқа жеңіл-желпі қараған адамның теміржолшы атаған алып жүруге лайықтылығы күмән туғызады...

Өзінің кеудесінен мұндай белгіні жұлып алу арқылы Р. Шамсудинова темір жол саласын дамытуға сүбелі үлес қосып, ұжымында осындай атақты арқалап жүрген әріптестерінің абыройына, сын сағаттарда сыналған басқалардың беделіне құрметпен қарамайтындығын көрсетті.

Мұндай демарш оқиғасын Р. Шамсудинова "Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығына бірінші рет көрсетіп отырған жоқ. Ол бұрын 2006 жылы қаңтарда оны "Алатау" филиалының директорлығы лауазымынан алып тастағанда да, осындай баспасөз конференциясын ұйымдастырып, "Жолаушылар тасымалы" АҚ басшылығына өзінің наразылығын білдірген. ("Kazakhstan today" АА, 17.01.2006 жылы, "ҚТЖ жолаушылар тасымалын дамытуға арналған қаржы мақсатсыз жұмсалуда - "Жолаушылартранс" филиалының экс жетекшісі). 2007 жылғы желтоқсанда Р. Шамсудинова Мемлекет басшысының атына саладағы өзгерістерге наразылық білдіріп, Ашық хат жолдаушылардың бастамашылары қатарында болды. ("Бизнес и власт", 07.12.07 "КТЖ қатарындағы тазалау" Иділ Орманов). Бір қызықты жайт, Р. Шамсудинованың мүддесіне орай жанжалдар "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның үш бірдей басшысының тұсында шықты.

Мәселен, алғашқы жанжалды кездейсоқ деп есептелік. Алайда жылма-жыл осы Р. Шамсудинованың айналасында орын алатын дау-дамайлар оның жанжалға жақын жүретіндігін аңғартады.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның бұрынғы қызметкерлері Людмила Варванина, Ерсен Айжулов, Байболат Баймахамбеттердің Р. Шамсудинованың жетегіне еріп кетуі өкінішті-ақ.

Шындығын айтқанда, мемлекеттік компанияны "сауын сиыр" деп есептейтін жандар өздерінің "жем жеп отырған" жерлерінен айырылып қалған соң, бұрынғы сыналған сүрлеу соқпағымен жүргені анық. Қазақстан теміржолындағы реформалау мен тәртіпке келтіру жұмысындағы ұмтылыстар осындай жанжалдар мен дау-дамайларға әкеліп соқтыруда.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ айналасындағы өзгерістерге қарсылардың осындай дау-дамайлары мен жанжалдарына, мүдде қақтығысына БАҚ тартылуы өте өкінішті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны