21.06.2006, 15:50 3041

2006-жылдың бес айында тіркеуге алынған есіркіге тәуелділердің саны 5 мың адамға артты - ҚР ІІМ-нің орынбасары

АСТАНА. 21-маусым. Kazakhstan Today. 2006-жылдың бес айында наркологиялық диспансерлерде тіркеуге алынған есіркіге тәуелді қазақстандықтардың саны 5 мың адамға артты. Бұл туралы бүгін “Нашақорлыққа қарсы жабыла күресейік” атты медиафорум барысында ҚР ІІМ-нің орынбасары, есірткі саудасымен күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің төрағасы Анатолий Выборов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

А.Выборовтың айтуынша, өткен жылдың аяғында наркологиялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандардың саны 48 мың адамды құраған. Жылдың бес айында тіркеуге алынған есіркіге тәуелділердің саны 5 мың адамға артуын ол “шұғыл” көрсеткіш деп атады. “Тұтастай алғанда қазір әрбір 282 азаматқа нашақорлық дертіне шалдыққан бір адамнан келеді”,- деді комитет төрағасы.

Ол сонымен бірге “елімізде апиын тобына жататын, соның ішінде героин секілді есірткілердің кеңінен тарала бастау дерегіне” алаңдаушылық танытты. Оның мәліметтеріне қарағанда қазіргі жағдаймен аяғында наркологиялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандардың 70 проценті осы топтағы есірткіге тәуелді. Қазақстанның Ауғанстан героині тікелей бет алатын емес, транзит ел екені елімізде героин тұтынушылар санының арту қаупін төмендетпей отыр. Өйткені, халықаралық зерттеулердің мәліметіне сенсек, апиын тобына жататын есірткілер тасымалданатын елдерде сол аумақ арқылы өтетін жалпы есірткі ағынының кем дегенде 11 проценті қалып қояды.

Сонымен бірге А.Выборовтың айтуынша, кейінгі кездері елімізде есірткіге тәуелді балалар мен жасөспірімдердің саны арту ағымы байқалып отыр. “Қазір есірткі тұтынушылардың дені – 14 пен 30 жас аралығындағылар. Өткен жылмен салыстырғанда дәл осы жас мөлшері аясында есірткі тұтынушылар саны 20 процентке өскен. Ал 15 пен 17 жас аралығындағы кәмелеттік жасқа жетпегендер мен жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділердің саны 2,4 есе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4,2 есе өскен”,- деді ол.

“Медициналық мақсатан тысқары есірткі тұтыну деректерінің өсу ағымы сақталуының салдарынан есірткіге қатысты қылмыстардың саны арта түсті. Оған таратушылар да, тұтынушылар да қамтылып отыр”,- деді вице-министр. Оның айтуынша, осы жылдың бес айында 4 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстар тіркелген. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 10 процент артық. А.Выборовтың айтуынша, олардың жартысы, немесе 45,6 процентін есірткі сату деректері құрайды.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны