13.11.2006, 12:49 2868

"2007-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын парламент екінші оқылымда мақұлдады - толықтырылған ақпарат

АСТАНА. 13-қараша. Kazakhstan Today. "2007-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын парламент екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл шешімді қолдап мәжілістің 58, сенаттың 34 депутаты дауыс берді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2007-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына сәйкес, Жалпы ішкі өнім 11 трлн. 880 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл ағымдағы жылғыдан 8,6 процент артық. Тұтыным бағаларының индексі жылына орта есеппен 5-7 процент, теңге бағамы бір долларға шаққанда 116 теңге болмақ.

2007-жылғы республикалық бюджет түсімдері 1 трлн. 982 млрд. теңге, немесе, Жалпы ішкі өнімнің 16,7 процентіне тең; шығындар 2 трлн. 17 млрд. теңге болмақ. Бұған дейін республикалық бюджеттің тапшылығы 133,1 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 1,1 процентіне тең болады деп межеленген. Алайда бүгін оны Жалпы ішкі өнімнің 1,2 процентіне дейін жеткізу межеленді.

Парламент заң жобасына қатысты өз қаулысында үкіметке салық салынбайтын айналымдар бойынша Қосалқы құн салығын қайтару схемаларын қайтару жөнінде нұсқау берді. Бұған қоса үкіметке Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, корпоративтік кіріс салығының ставкасын төмендету, аталмыш және басқа да салық түрлері бойынша салық жеңілдіктері мен салық преференцияларын міндетті түрде қысқарту ұсынылды. Сонымен бірге парламент әлеуметтік және жеке кіріс салығын біріктіріп, біртұтас "жайдақ" еңбек салығының ставкасын енгізуге нұқсау берді. Парламент бұған қоса роялти ставкаларын мұнай сапасы мен оны өндіруге қатысты геологиялық ахуалдарды ескеру негізінде айқындауға нсұқау берді. Сонымен бірге зейнетақы қамтамасыздығын, медициналық сақтандыруды жетілдіру, ең төменгі жалақыны, ең төменгі зейнетақы көлемін, айлық есептік көрсеткішті , арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді өсіруді көздейтін әлеуметтік реформаларды тереңдетудің жаңа бағдарламасының жобасын жасау ұсынылды.

Заң президенттің қол қоюына жіберілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны